Ақжайық ауданы газетіне 45 жыл ғұмырын арнаған белді журналист Борис Мырзағалиев құрметті демалысына шықты. Осыған орай оны аудан әкімі Мұрат Сердалин қабылдап, сан жылғы адал қызметі үшін шынайы ризашылығын білдірді.
– Өңіріміздің ақпарат айнасына арнаған ғұмырыңыз, ауданымыздың тірлігін сан алуан материалдармен айшықтаған ерен еңбегіңіз үшін сізге алғыс айтамыз. Әр адам еңбегімен елеулі. Арайлы Ақжайығымыздың жарқын жаңалықтары, жан сүйсінтер жақсы істері, толайым табыстарын айшықтаған тынымсыз қызметіңіз төл басылымымыздың мұрағатында қаттаулы. Бір салаға адалдық танытып, 45 жылдық еңбекті ауданымыздың газетіне арнағаныңызды туған жеріңізге сүйіспеншіліктің анық белгісі деп бағалаймыз, – деген ол бүгіннен бастап ардагерлердің қатарын толықтырған журналиске алғыс хатын табыстады.
Жылы жүздесуге қатысқан ардагер-журналист, жидашы Бақтығали Дінішұлы Борис Мырзағалиевтің редакциядағы еңбек өтілін баян етсе, еңбек ардагері Қаби Қадисов ауылымыздың ардагерлер кеңесінің құрамына Б.Меңешұлын қуана қабылдайтынын айтты.
«Жайық таңы» газетінің редакторы «Жайық Пресс» медиахолдингінің атынан Әлия Шарапиева естелік сыйлық табыстады. Зейнет демалысына шыққан журналиске сыйлық мұнымен толастаған жоқ. Өзі жиі қалам тербеген төтенше жағдай саласының мамандары да қошеметін білдіріп, алғыс хат пен сый табыс етті.
Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы