Бүгін Ақжайық ауданы орталығында ауылдық амбулаторияларға бес жаңа автокөліктің кілтін тапсыру рәсімі өтті. Іс-шараға аудан әкімі Мұрат Сердалин қатысты. Құттықтау сөзінде ол өңірде медицина саласына көп көңіл бөлінетінін атап өтті.
– Уақтылы шұғыл көмек көрсету үшін медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын үздіксіз жаңартып жатырмыз. Облыстық бюджеттен 92 млн. теңге бөлініп, көлікке мұқтаж ауылдық округтерге көліктер алынды. Бұл дәрігерлердің жұмыс істеуін біршама жеңілдетеді, - деген аудан басшысы су жаңа көліктердің кілтін иелеріне табыстады.
Жаңадан берілген «газель» көліктері Ақжол, Алмалы, Алғабас, Бударин, Чапаев ауылдарының медицина мекемелеріне берілді.
Шарада сөз алған Бударин ауылдық округінің әкімі Шоқан Мұсағалиев зор қолдау үшін ризашылығын білдірсе, аудандық аурухананың директоры Алмас Жүнісбеков медицина саласында өзге де жақсылықтарды атап өтті.
Әсем Есбек
Ақжайық ауданы