7.08.2024, 17:45
Оқылды: 5

Ақжайықтағы қордаланған мәселелер қоғамдық кеңесте талқыланды

Ашықтық пен жариялылық – қазіргі күннің басты талабы. Сондықтан бүгінгі таңда  жергілікті атқарушы билік жұмысының жүйелі, нәтижелі, ашық болуы үшін қоғамдық кеңестердің маңызын арттыруға баса мән беріліп жатыр. Ауданда құрылған аталмыш кеңес өңірдегі өзекті мәселелердің шешілуіне үн қосып, халық пен билік арасында берік көпірдің міндетін атқаруда. Қоғамдық кеңестің әр отырысында сіз бен бізге ортақ үйіміз, ауданымыздың тынысына қатысты сауалдар көтеріліп, тиісті мекеме-бөлім басшылары атқарылған жұмыс пен жоспарлары туралы есеп береді. Өткен жұмада өткен кезекті осындай отырыста кеңес мүшелері Чапаев ауылдық округі әкімі Биболат Зейноллиннің аудан орталығының тазалығы мен абаттандырылуы туралы баяндамасын тыңдап, шешімі табылмай жатқан мәселелерге қатысты сауалдарын жолдады.

0D7AFC80-22F3-4A44-B2F7-086026966573

Алдымен округ әкімінің баяндамасына кезек берелік. Оның айтқанына сүйенсек, тоғыз жолдың торабында орналасқан елді мекеннің тазалығын сақтау, соның ішінде күл-қоқысты шығару, арнайы полигонды ұстау міндеті биылдан бастап «Төлепбергенов» жеке кәсіпкерлігіне жүктелген екен.

Мердігер осыған дейін контейнерлерді өз техникасымен шығарып келсе, жуырда арнайы техника сатып алынып, оған сенімгерлік басқаруға берілген.

Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын осы жұмысты «Шыңғыс» жеке кәсіпкерлігі атқарған еді, оның жұмысы сынға алынып, қоғамдық кеңестің назарына іліккен болатын. Міне, жергілікті кәсіпкер міндетіне салғырт қараған бұрынғы мердігердің артындағы «былықты» жоюға кірісіп кетіпті.

Атап айтсақ, ауылдық округпен бірлесіп, полигонның ішін тазалап, оның басына бейнебақылау камерасын орнатып, тәулік бойы тәртіпті бақылап отыр. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлік Чапаев ауылындағы қоқыс қордаланып қалған 15 орынды да тазартуды бастамақ.

29B3B69D-01C0-4226-A68A-D64D730A461D

– Полигонның бас ауруымызға айналғанына біраз уақыт болды. Қазірдің өзінде қоршауы ескіріп тұр, тіпті кейбір тұсы пайдаға аспайды. Түгел қоршап, мердігердің қарауына табыстау мақсатында қажет жабдықтарға мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жариялап қойдық. Ұтып алған мердігер құрылыс материалдарын жеткізген бойда түгел қоршап береміз. Сонымен қатар оның жұмысын заңдастыру үшін эмиссия жасақтап жатырмыз, – деді округ басшысы.

Ал аудан орталығын тазалау жұмыстарын ақылы қоғамдық қызметке тартылғандар атқаруда. Қазір олар басты көшелерде қаулап өскен арамшөптерді жұлып, оларға көмекке «Жасыл ел» жасақтары да келген.

– Көпке үлгі істі Қазақстан көшесінің тұрғындары қолға алды. Бір күнін арамшөптен көшесін арылтуға арнаған олардың бастамасын аудан орталығындағы өзге де көше тұрғындары іліп әкетсе, құба-құп, - деді ол.

Расында да, тоғыз жолдың торабында тұрған іргелі ауылдың тазалығы, абаттандырылуы, жолдардың жай-күйі, инфрақұрылымы – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Әрине, тазалық тұрғысынан алғанда, көп нәрсе тұрғындардың өздеріне байланысты. Өзінің үйі, ауласы, айналасын жарқыратып, тап-таза ұстаса, игі. Одан көршілері үлгі алып, әрі қарай өркенді іс қанат жайса, тіптен керім емес пе?!

Әзірге мұндай іспен мақтана алмай отырғанымыз өкінішті. Мұны ерекше атап өткен қоғамдық кеңес мүшелері аудан орталығындағы өзге де күрмеулі мәселелерге ауылдық округ әкімінің назарын аударып, шешімін табуға күш жұмылдыру қажеттігін қаперледі.

– Біздің қоғамдық кеңеске тұрғындардан аудан орталығына қатысты сауалдар көп түседі. Айталық, Жайық ауылының тұрғындары бұрынғы асфальт зауытының орнында қалған қарамай толы сайдың қоршауын жөндеп беруін сұрауда. Сіз осы сайға уақ жандық түсіп, батып жатқанынан хабардарсыз ба? Аудан орталығының бірқатар көшелеріне жолдардың төселгені былтыр сияқты еді, жылға жетпейтін уақытта ортасы тесіліп, ой-шұңқыр боп жатыр. Мұның бәрі майда-шүйде мәселе емес, округ басшысының тікелей назарында болу қажет жұмыс, - деген қоғамдық кеңестің төрағасы Руслан Есеналиев өзге де кемшін тұстарды сен тезіне алды.

Осы сауалға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Айбек Замеров жауап берді. Оның айтуынша, жуық арада қажет материалдарды жеткізіп, шұңқырларды бітеу жоспарланып отыр.

Руслан Амангелдіұлы сонымен қатар полигонның айналасындағы өзге де мәселелерді айғақтап тастады.

Қоқыс төгетін орынның басынан арнайы түсірілген фотоларды жайып қойып, септик суының, қатты тұрмыстық қалдықтардың полигонның ішіне емес, сыртына төгіліп жатқанын, соның салдарынан қалдық судың шалшыққа айналғанын, жел қуалаған қоқыстың Жаңақалаға қарай 500 метрге дейін шашылып жатқанын әшкереледі. Аумағы кең полигонның ішінде де реттілік жоқ. Қоқыс толы көліктер «төр» жаққа өтуге ерініп, әлде жанармай қимай, «табалдырықтан» аттаған бойда бар «байлығын» аудары салғанын да кеңес мүшелері өз көзімен көріпті.

– Полигондағы тәртіп пен реттілікті мердігер бақылауында ұстау керек. Баяндамаңызда полигон басына бейнебақылау орнатып, ондағы жай-күйді мердігер бақылап отыр деп айтып кеттіңіз. Сонда осындай келеңсіз жәйттерді полигон иесі көрмей-білмей отыр ма? Негізі, бұл жиынға тек өзіңіз емес, қасыңызға мердігерді де ілестіріп келу керек еді. Алып келмеген екенсіз, айтылған мәселелердің шешім табуын тікелей өз бақылауыңызға алыңыз. Бір ай мерзім берелік, осы уақыт ішінде полигонның айналасын ретке келтіріп қойыңыздар, - деді кеңес төрағасы.

Аудан орталығында ауыз су жүйесін жөндеу жүргізіле бастағанына үш жылдың жүзі болды. Халықтың зор тілегімен бастау алған жұмыстың қарқыны шабандап қалғаны да көпшілікті мазалайды. Әрі су жүйесін реконструкциялауды ұтып алған «Тайыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің былтыр жерді қазып, төсеген құбырларының үстіндегі топырақ та опырылып жатыр. Соны қалпына келтіретін де уақыт жетті, жеткені түгілі, асып та кетті.

– Бас көшелердің бойында тұрамыз. Былтыр құбырларды төсейміз деп, көшеміздің бойында түгел траншея қазылды. Артынан оны жапқанда, нығыздамағанның керін күзгі-көктемгі жаңбырда, қыстың тоңы ерігенде көрдік. Таңда келе жатсам, бір баланың көмекке шақырған даусын естідім. Мектепке бара жатқан оқушы опырылып кеткен жерге түсіп кетіп, белуардан жаңбыр суына батып, шыға алмай тұр. Шүкір, еш жеріне зақым келмепті. Ал майып болғанда ше? Мердігердің осының бәрін уақыт өткізбей реттеуін қадағалауға алыңыздар, - деді қоғамдық кеңестің мүшесі Мұрат Сәрсенов.

Кеңес мүшелері қойған сауалдарға жауап берген Б.Зейноллин айтылған мәселелердің шешімін табуға жұмыстанатынын айтты.

Әсем Есбек

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале