Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық округі орталығынан 50 шақырым жердегі «Жүндіқұдық» қыстағындағы шаруалар 2014 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Көршілес Атырау облысы, Индер ауданынан қоныс аударып келген Кенған Шененов ұлдары Рүстем, Ерлан және Бақтыжанмен кеңесе отырып, қос бірдей, яғни «Дария» және «Заңғар» атты қожалықтар құрған. Сөйтіп, жылқы мен сиыр өсіруде. Көшіп келген жылдары әуелі жайлы үй салып, сосын мал басын көбейтуді құнттаған. Өткен жылдар жемісін берді де.
Жайлы үй деп отырғанымыз сол, біз барған «Жүндіқұдықтағы» «Дарияда» не керектің бәрі бар. Күн сәулесі арқылы қуатталатын батареялар арқылы ток алып тұрған үйде мұздатқыштар, теледидар жұмыс жасап тұр. «OTAU TV» жерсеріктік «тәрелкесіне» де күн панельдерінің қуат-күші жетеді. Осындай берекесі бар баспана сайын даланың ортасынан көз тартады.
Енді олар мал бағуды оңайлату үшін ұзындығы 8 шақырымға дейін созылатын, ені 4 шақырымды құрайтын аумаққа екі қожалыққа ортақ «Электр бақташыны» орнатты. Бұл үлкен құрылғы да күн панелі арқылы қуаттанып, қоршау сымдарына әлсіз ток береді. Мал осы сымға жақындап кетсе, оны ток үркітеді. Сөйтіп, қоршаудан ешқайда «аттап» баспауға үйренеді. Әлсіз ток ірі қараға ешқандай зиян тигізбейді. Жүндіқұдықтағылар енді осында 100-ден астам бойдақ ірі қараны қар түскенше ұстамақ. Әрине, бұл орын жыл сайын ауысып тұрады, себебі, жайылым тиісті мезгілінде жаңарып тұру керек.
Шененовтің «Дариясында» 134 асыл тұқымды ірі қара бар. Оның төртеуі аталық. 230 қылқұйрық бағылуда. Оның 110-ы бие, 70-і құлын, 25-і айғыр, 20-сы байтал. Осы малды қыстату үшін олар биыл 1000-ға жуық тайланған шөп жинаған. Бір трактор, бір жеңіл көлік арқылы бүкіл шаруасын шырқ үйріп отырған қыстақтағылар алты ай қысқа қапысыз қамданған.
– Ауыл шаруашылығына байланысты мемлекет тарапынан болатын жеңілдіктерді пайдалану ойымызда бар. Қыр төсіне келіп, хал-жағдаймызды үнемі біліп тұратын Тайпақ ауылдық округінің әкімі Болат Шәленовке ризамыз. Мал шаруашылығымен айналысу бүгінде өте тиімді болып отыр. Жылда болатын ұрлық-қарлықтың, ит-құстың кесірінен келетін бірен-саран мал шығынан есептемегенде, мың шүкір, ырысымыз бар. Ана өсіп жатқан немерелердің құты ғой бәрі. Еркек малды Тайпақ ауылының маңындағы тұрғындарға, Атырау облысына саттыққа шығарып тұрамыз. Болашаққа ауқымды жоспарымыз бар. Келер жылдан бастап тағы бір үлкен қора салып, мал бордақылауды қолға алмақпыз. Дейтұрғанмен, адам күші жетпей жатыр. Жұмыссыз жігіттер қырға келіп мал бағуға құлықсыз. Тілек білдірушілер болса, ақысын аямаймыз ,-дейді Кенған аға.
Бізге жол бастап барған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімнің бас маманы Руслан Қайырманов Шененовтердегі аудандағы алғашқы «Электр бақташы» «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясындағы өзгеріс екен, мұндай «ақылды технологиялардың» мал шаруашылығын өркендетуге зор жеңілдік әкелетінін айтты. Ауылдарымызда инвистициялық салымдар тарту арқылы жыл басынан Ақсуат, Алмалы, Ақжол, Мерген ауылдық округтеріндегі 9 шаруа қожалығы модульді гибридті су тарту стансасын, 4 шаруа қожалығы күннен қуат алатын батареялар орнатқан. Бүгінде 50-ге жуық шаруа қожалығында баламалы электр стансасы бар. Бұл оң өзгерістердің барлығы ауыл шаруашылығын дамытуға, соның ішінде шаруа қожалықтар жағдайының жақсаруына зор септігін тигізері сөзсіз.
Тайпақ ауылдық округінде соңғы санақ бойынша 5634 ірі қара, оның 2285-і аналық, 1828-і төл, 21629 ұсақ жандықтың 11836-ы аналық, 9423-і қозы-лақ, 2101 жылқының 954-і бие, 430-ы құлын бағылады. Сонымен қатар мұнда «Рысалды-Б», «Нұралы-Р-Мұса», «Ырыс-Ет» ауылшаруашылық кооперативтерінің жұмысы жандануда. Уақыт өткен сайын осындай еңбек ұжымдары, Шененовтердің шаруа қожалықтары сияқты мақтаулылар қатары қалыңдай түсері кәміл.
Бекболат ҚАЛЕНОВ,
Ақжайық ауданы
Суреттерді түсірген автор
Суреттерде: аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Руслан Қайырманов пен отағасы Кенған Шененов «Электр бақташының» құрылғысы жанында қоршау сымдары және қуаттандырғыш