18.03.2025, 16:15
Оқылды: 31

Ақжайықтық Мадина Кожаева республикалық олимпиадада жүлдегер атанды  

Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу – сезімнің ақындығы, - деп Ғафу ағамыз жырлағандай  бүгінгі заманауи педагогтің келбеті үздіксіз дамумен, заман легіне сай алға қарай қарыштап қадам баса алуымен көрікті. Уақыт өткен сайын мұғалім ізгілігі ізденісімен биіктеп, ұрпаққа берген өнегесімен өріс табуда.

WhatsApp Image 2025-03-18 at 16.59.28

Сондай тәлімді үлгісімен өсіп келе жатырған жас мамандарымыздың бірі, мақтанышымыз – Михаил Абдолов атындағы негізгі орта мектебінің физика пәні мұғалімі Мадина Кожаева. Кеше ғана, яғни, 2023 жылы мамандығы бойынша оқуын тәмамдап, аталған мектепке орналасқан жас маманның батыл көзқарасы, оқушыларға және өз пәніне деген сүйіспеншілігі, жаңашыл ойы әрбір іс-әрекетінен көрініс беріп, айналасын қарапайымдылығымен, еңбекқорлығымен тамсандырады. «Жас келсе, іске», - деген ұстаныммен ұжымына келген әрбір педагогін қолдай білетін білікті басшы Венера Гарифқызының тәлімгерлігімен Мадина Адиетқызы осы 2 жыл ішінде сабақ берудің қыр-сырын терең игеріп, оқу мақсаттарынан сабақ мақсаттарын шығару шеберліктеріне дейін шыңдалды. Тапсырмалар құрастырып, оны оқушыларға тиімді ұсыну, игерту әдістерін ұжымдағы әрбір әріптесінен үйрене жүріп, сенімді қарым-қатынас маңыздылығына көз жеткізді. Бұл ұжымның кәсіби үздіксіз дамуға деген жоғары көзқарасы Мадинаның шығармашылық қабілетін шынықтырып, оның жетістіктерінің алғашқы баспалдағы бола білді.

Осындай креативті жобаларымен аудан, облысымызда айшықталып жүрген шағын жинақты мектепке орналасуын Мадинамыздың өзі де мақтаныш тұтады. Бүгінде Мадина Адиетқызы өнерге, әдебиет әлеміне жақындығымен де танылуда. Ол сабағында Мұқағали ақынның табиғат лирикасына арнаған өлеңдерін физика заңдылықтарымен байланыстырып, шәкірттерінің де оқуға деген құштарлықтарын арттыруда. Осындай ізденімпаз жас маманымыздың қоржыны талабына сай айтулы жетістіктермен толығып, аудан, облысымыздың мерейін асырып келеді. 2024 жылы оқушысы аудандық пән олимпиадасынан жүлделі ІІІ орын алса, «Iqanat» пәндік олимпиадасының облыстық кезеңінде оқушысы физика пәнін таңдап, пәнге деген ерекше қызығушылығын танытты. Пән мұғалімі ретінде Мадинаның өзі аудандық жас мамандар байқауында жүлделі І орын алып, облыстық «Шағын жинақты мектептің үздік педагог» байқауынан жүлделі ІІ орынға ие болды.

Ал, «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» олимпиадасынан аудан, облысымыздан топ жарған жарқын жұлдызымыз республикадан да мерейімізді асырып жүлделі ІІІ орынды қанжығасына байлап келді. Бұл біз үшін үлкен абырой, зор мақтаныш. Өйткені, республикамыздың түкпір-түкпірінен келген алдыңғы қатарлы 120 қатысушының ішінен оза шауып, жүйрік атану – расында да оңай келетін олжа емес. 14-16 наурыз аралығында Алматы қаласында өткен бұл біліктілік додасында біздің Мадина өзін-өзі ұстау мәдениетімен, сөйлеу шеберлігімен, таныстырылым сауаттылығымен және аудиторияны билеу сүйкімділігімен ерекшеленді. Комиссия талабы бойынша 7 минут ішінде креативті ойларымен бөлісіп, өзіндік идеясын өткізе білген маманымыз әділ қазылардың 3 минуттық сұрақ-жауап бөлімінде де мүдірмеді. Осылайша маңдайы жарқырап, Батыс Қазақстан облысының намысын Мадина Адиетқызы абыроймен қорғап келді.

Талантты ұстазы бар ел – әрқашан да бақытты. Біз де ақылына, білігіне көркі сай сүйкімді ұстазымызға шын жүректен денсаулық пен мамандық бақытын тілеп, шығармашылық белестерің лайым да биіктете берсін демекпіз. Саналы ұрпақ тәрбиелеудегі жаңашыл бастамаларыңмен ауданымызға үлгі болып, жұлдызың жарқырай берсін, жас маман!

Алия Сапаргалиева,

Ақжайық ауданы білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале