Ақжайық ауданының балалар шығармашылық орталығы 2022 жылдан бері ҚР Юнеско Федерациясының мүшесі болып танылды. Бұл да болса, ұстаздар тәрбиелеген шәкірттердің жетістіктері сараланып, лайықты еңбекке берілген жоғары баға. Себебі аталмыш федерацияға мүше болу осы саладағы қай ұжымның да зор арманы.
Соның бір зор жемісі – орталық шәкірттері жуырда халықаралық бәсі биік байқауда жеңіс тұғырына көтерілді. Толығырақ айтар болсақ, халықаралық ЮНЕСКО Федерациясы «Түрік әлемі мен Түркіменстанның мәдени мұрасы» тақырыбында жас суретшілердің байқауын ұйымдастырды. Байқауға елімізден 5000-ға тарта үміткер қатысқан. Байқау талаптарына сай, оған қатысқан әр елге 3 орыннан берілді. Ал осы үш орынның екеуін жоғарыда аты аталған орталықтың балғын суретшілері жеңіп алды.
Абай атындағы мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы Балауса Амантай бүгінде «Кескіндеме» үйірмесіне қатысады. Жетекшісі Данияр Ізбасаров. Осы байқауға «Түрік тарихы» суретін ұсынған оның шеберлігін әділ қазылар алқасы І орынға лайық деп тапты.
Ал№1 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Гүлназ Есмағзомқызы – «IZOTALANT» үйірмесінің мүшесі. Бұл үйірмеге Қайсар Сисенғазиев жетекшілік етеді. Гүлназ бұл байқауда «Табиғат құдіреті» тақырыбында кескіндеген суретімен ІІІ орынды иеленді.
Балғын суретшілерімізге жүлделері өткен аптада Түркіменстан Республикасының астанасы Ашхабад қаласында табысталды.