27.05.2025, 23:00
Оқылды: 660

Ақжайықтық пошташылардың жұмысы жеңілдеді

Ақжайық аудандық «Қазпошта» АҚ бөлімшесінің үш қызметкеріне электр тоғымен жүретін велосипед табысталды. Аталған құрылғыларды салтанатты түрде тапсыру үшін аудан әкімінің аппарат басшысы Айбат Төлегенов арнайы келіп, пошта қызметкерлеріне жылы лебізін білдірді.

IMG_1363

– Қазіргі заман талабы – еңбек өнімділігін арттыру және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту. Бүгін осы мақсатта сіздің бөлімшеде игі іс жүзеге асты. Пошташылардың қызметін жеңілдету мақсатында велосипед табысталмақ. Бұл тектен тек емес, себебі сіздердің зор еңбектеріңіз әрдайым қолдауға лайық. Сіздер халыққа күнделікті газет-журналын, қажет құжаттарын, сәлемдемелерді жеткізіп отырсыздар. Бұл – үлкен жауапкершілік, – деді Айбат Төлегенұлы.
Бұған дейін газет-журнал, хат-хабар мен сәлемдемелерді жаяу немесе велосипедпен тасып келген пошташылар үшін үлкен көмек бұл. Электр велосипедтер пошташылардың күнделікті жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, пошта қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Асыл Қайрат
Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале