«Ақжайық» спорт кешенінде ауданда бұқаралық спорттың дамуына зор үлкен қосқан Асқар Шамеловтың мерейтойына орай волейболдан ардагерлер арасында турнир ұйымдастырылды.
Шараға Ақжол, Қабыршақты, Есенсай, Қарауылтөбе ауылдық округтерінен, Ақжайық аграрлық-техникалық колледжі, Чапаев № 1 орта мектеп, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектеп, күзет бөлімінен, Жайық ауылынан командалар және Тайпақ ауылынан 2 команда бақ сынады. Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– «Елге сіңірген еңбек жақсы, еңбекті елеген ел жақсы» дейді дана халқымыз. Осы тұрғыда ауданымызда бұқаралық спортты дамытуда ерекше қолтаңбасы бар азамат, аграрлық-техникалық колледждің дене шынықтыру пәнінің оқытушысы Асқар Қабашұлын мерейжасымен Ақжайық жұртшылығы атынан құттықтаймын. Адамзат баласының алдында тұратын басты мұрат-міндеттерінің бірі – өзі ісін жалғастыратын ізбасар тәрбиелеу. Сіз осы жолда аянбай еңбек етіп келесіз. Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілеймін, – деді Зәйлім Исатайқызы. Осыдан кейін ол мерейгерге аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті.
Тартысты өткен жарыстың нәтижесі келесідей: Жайық ауылының командасы І орын, қарауылтөбеліктер ІІ орын жеңіп алып, ал Алғабас округінің командасы ІІІ орынды иеленді.
Жеңімпаздар мен үздік ойыншылар диплом, кубок, медаль және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Азамат Қанапия,
Ақжайық ауданы