19.03.2018, 16:37
Оқылды: 617

Ақжайықтықтар әнші, термеші Қаламқас Орашеваны еске алды

Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта аудандық кітапханада әнші, термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қаламқас Орашеваның 65 жылдығына байланысты еске алу кеші өтті.


 

Ақын Сағынтай Бисенғалиев жүргізген шара барысында кітапхана директоры Роза Мұсағалиева, ақын Тілес Жазықбай күміс көмей әншінің артына өлмес мұра қалдырғанын, оны оқып-үйрену, насихаттау, ұмытпау бүгінгі жас ұрпақтың еншісінде екенін әңгімеледі.

Әйгілі Ғарифолла Құрманғалиевтың класында дәріс алып, жыршылық өнердің шоқ жұлдызына айналған Қаламқас Қожахметқызының артында қалған мол мұрасы ұшан-теңіз. Н.Байғаниннің «Нарқыз», «Төрехан», т.б. дастандарын үнтаспаға жаздырып, талай байқау, конкурста топжарып, сахнадағы өзіне тән қолтаңбамен ел есінде қалды.

Еске алу кешінің кітапханашы Әнуар Қайыржанов жүргізген «Жансарай» бөлімінде түрлі республикалық әнші-термешілер байқауларының жеңімпазы Сұңғат Жанаев сұрақтарға жауап беріп, бір ауылдан түлеген апасы Қ.Орашева хақында естеліктерімен бөлісті, терме орындады. Сұңғат сынды сахна шамшырақтары ауылдарымызда аз емес. Демек, Қаламқастай дарабоздар жаққан шырақ жарқырай берері сөзсіз. Міне, жас та болса талай өнер додасында сыналған, Чапаевтағы Абай атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Аружан Әділханның аяқалысы да бөлек. Ол да ән шырқады.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале