Абай Иманғалиев тірі жүрсе, ертең, яғни қаңтар айының 23-інде 70 жасқа толар еді. Арда азамат 62 жасында дүниеден озды.
Уақытпен санаспай, тынымсыз қызмет жасаған Абай Сәтиұлының ел алдындағы еселі еңбегі көзі тірісінде ескерусіз қалған емес. Қайтыс боларынан бір жыл бұрын 2012 жылы Тәуелсіздік мерекесіне орай Құрмет орденімен марапатталды. Мұндай жақсы жаңалыққа Ақжайық ауданының жұртшылығы бір марқайып қалғаны есімізде. Бұл мемлекеттік марапат – Абай Сәтиұлының Ақжайық ауданын алты жыл басқарғандағы ерен еңбегіне берілген шынайы әрі әділ баға. Өйткені аудан әкімі қызметінің алғашқы күнінен – Ақ Жайықтың қос қапталына жағалай қонған ауылдық округтердегі халықтың мәдени-тұрмыстық деңгейін жақсарту ісін қолға алып, көптеген толымды істі атқарды. Қиюы қашып, ажары кетіп, азып-тозуға дейін жеткен он шақты мәдениет, білім нысандарының күрделі жөндеуден өткізіліп, тұрғындардың игілігіне қызмет жасауына өзіндік үлесін қосты.
Қоян-қолтық бірге қызмет атқарғандықтан, А. Иманғалиевтің сол кездерде жарғақ құлағы жастыққа тимей, күн-түн демей, демалыс дегенді мүлдем ұмытып, халық үшін аянбай іс-қимыл жасағандығына куә болдық. Аудан басшысының ұйымдастырушылық қарым-қабілеті, қайраткерлігі Алғабас елді мекенін топан су басу қаупі туындаған кезде ерекше жарқырай көрінді. Сондай-ақ Тінәлі ауылын аусыл індеті шарпып, тұрғындар бір сәтте бар малынан айырылып, ауылдағы ит пен мысыққа дейін тегіс жойылып, елді мекен оба соғып, қаңырап бос қалғандай күй кешкен сәтте де бүкіл ұйымдастыру жұмысының басы-қасында жүргені де әлі күнге халық жадында.
2010 жылы Жұбан ақынның 90 жылдық мерейтойын атап өту кезінде Абай Сәтиұлы орасан зор ұйымдастырушылық қабілетімен, мақсатты іске халықты жұмылдыра білудегі көшбасшылық қасиетімен тағы бір ерекшеленді. Туған жердің төл перзентін ұлықтауда жерлестерінің ұлтжандылық сезімдерін оятып, жүректеріне қозғау салды. Ізгілік пен кісілік киесі бола білген Абай Сәтиұлының үлкен құрмет, зор марапаттан кейін араға бар болғаны үш ай уақыт салып, аяқ астынан сол кездегі облыс басшысының пәрменімен жұмыстан босатылуы аудан жұртшылығын, жанашыр қатарластары мен қызметтес жолдастарын ашық аспанда найзағай соғып өткендей күйге түсіргені де ащы шындық.
Сонау 70-жылдардан бастап комсомол, партия жұмыстарының барлық сатысынан өтіп, облыс әкімінің орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, зор бедел мен абыройға ие болған, еліне, халқына қалтқысыз қызмет еткен мемлекеттік қызметкер бір жылдан астам уақыт бойы ешкімге керек болмай жұмыссыз қалды. Кезінде қасында құрдай жорғалап жүргендер де, Абай Сәтиұлының зор қамқорлығын, ілтипатын, жақсылығын көргендер де, ақ дастарқанынан талай рет дәм татқан кейбір зиялы қауым өкілдері де қиын сәтте қолдау көрсетіп, қасынан табылмады. Осының өзі арыстай азаматтың жүрегіне өшпестей жара салды, айықпас дертке ұшыратты. Нағыз кемеліне келген шақта, өскелең ұрпаққа ақсақалдық ақылын айтар кезде ерен еңбегінің зейнетін көре алмай, арамыздан тым ерте кетті.
Абай Сәтиұлының сауығып кетуін бүкіл аудан халқы тілеп еді. Телефонмен сөйлескенде де, көңілін сұрай барып жүзбе-жүз кездескенде де жанына батқан сырқатын сездірмей, керісінше, бізге жігер беріп, «алаңдамаңдар, бәрі де дұрыс болады» деп жұбатқан болатын. Осындайда бүгінгі қоғам мүлдем мансұқ ет-кен, келмеске кеткен кеңес заманындағы қызмет басында жүрген кадрларға деген партиялық қамқорлық еске түседі. Оны көзімізбен көрген біздердің қазіргі кезде жоғары басқару жүйесінде жиі көрініс тауып жататын келеңсіздіктерді құптай қоймасымыз анық. Қандай кемшілігі болса да, жұмыста небір олқылықтар жіберсе де, коммунистік партия өз кадрларын далаға лақтыра алмайтын: бір жұмыстан екінші жұмысқа ауыстыру арқылы мүмкіндік беретін, тәрбиелейтін, қам-қорлайтын, қорғайтын, ең бастысы, адам тағдырына мән беретін.
Ғасырлар бойына қазақпен бірге жасап келе жатқан жаман қасиет, айықпас дерт бар, ол – қасында жүрген адамның жақсылығын, талантын, қабілет-қарымын көре алмау, іштарлық, қызғану, осыдан барып, арыздау, өсектеу, бірін-біріне айдап салу, қайткен күнде де, өзінен озған жоғары білікті дарын иесінің көзін құрту. Осының салдарынан ғой, кезінде алаштың арыстарын оққа байлағанымыз. Қадыр ақынның: «Біздің қазақ бәрін кешіреді, тек тірі жүргеніңді кешіре алмайды» деуінде үлкен қасірет жатқаны туралы ойланып көрдік пе?!
Біз көп ретте қасымызда жүрген әріп-тесіміздің көзі тірісінде жақсы ісін көре алмай жүреміз де, ол өлгеннен кейін етегіміз жасқа толып, еңірегендей боламыз. Қадыр ақынның:
Ағайынның көңіліне келмесін,
Айту керек кейде тіпті елге сын.
Тірідегі мақтаудың бос орынын
Жоқтауменен толтырады өлгесін, – деуі де осыдан болса керек.
... Иә, аяулы азамат Абай Сәтиұлы біздің есімізде өзіне өте жарасты әзілімен, ойнақы сөзімен, әсем әуез әнімен айналасын нұрға бөлеген қалпында қалды. Жаның жәннатта, топырағың торқа болсын, ардақты азамат, адал дос, жан құрдас!
Дәулетжан Жақсыбаев,
мемлекеттік қызмет ісінің ардагері,
Ақжайық ауданының
құрметті азаматы