Алматының облыстық орталық әмбебап кітапханасында Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиевтың қолдауымен, БҚО халық шығармашылық орталығының ұйытқы болуымен «СӨЗ-соқпақ» поэтикалық перформансының бір бөлімі — «Ақжайықтың ақындары Алматыда» жобасы өтті.
Айта кетейік, бұл «СӨЗ-соқпақ» әу баста Оралда ұйымдастырылған болатын.
Оған қатысқан облыс әкімі аталмыш жобаның мән-маңызына тоқталып, «Ақжайықтың ақындары енді еліміздің түкпір-түкпірін аралап, жырларын оқыса» деген ұсынысын тілге тиек қылып еді.
Мінекей, ұсыныс жерде қалмады.
Кеш барысында есімі елге таныс жерлес ақындар Қуаныш Амандықов, Асан-Темір Қаршығаұлы және «Теректі жаңалығы» газетінің директор-редакторы, әріптесіміз Әділет Орынбасаровтар әсем жырларын оқыды.
Сонымен қатар Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актеры, режиссер Жамбыл Заев та ақындардың өлеңдерін домбырамен сүйемелдеп отырды һәм әсем әнді де әуелетті.
Жыр кешіне арнайы мейман ретінде қатысқан Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, жазушы Мереке Құлкенов, ақындар Мырзан Кенжебай, Бақыт Беделхан, Жарас Сәрсек, Мағиза Құнапия, Ақсұңқар Ақынбаба, Әмина Адайхандар жылы лебіздерін арнады.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда Алматыда тұратын оралдық ақсақал Елеу Аманов та жерлестеріне деген ақ тілегін ақтарды. Ұлттық бейнелеу өнерінің академигі, суретші Мəжит Бəйтен елордадан келіп, батысқазақстандық ақындардың жырларына тəнті болғанын да айта кеткен жөн.
Айшабибі Мәмет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz