4.07.2024, 18:00
Оқылды: 64

«Ақжелең» домбырашылар ансамблінің құрылғанына үш жыл толды

Шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні екені белгілі. Ұлттық аспабымызды ұлықтауға арналған бұл мереке 2018 жылдан бері елімізде кеңінен атап өтіледі. Соған орай Щапов ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектепте осыдан үш жыл бұрын құрылған «Ақжелең» домбырашылар ансамблі жайында сөз қозғамақпыз.

6ACB676E-5F87-4DD6-8BF5-366FA9ADFA72

Ансамбль жергілікті мектепте домбыра үйірмесі болып ашылған. Бұл үйірме әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып келеді. Үйірме ашып, артынан ансамбль жасақтаған Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің домбырашы-күйшісі Әлібек Қуанышалиев.

– Щапов ауылына он жыл бұрын қоныс аудардым. Туған жерім – Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылы. Өзім домбыраны оқушы кезімнен тартамын. Әрі қарай шыңдалу үшін мектеп бітіргесін М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да төрт жыл білім алдым. Еңбек жолымды Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінде бастадым. Ауылдағы білім ұясында сабақ беріп, «Ақжелең» домбырашылар ансамблін құрдым. «Ақжелең» деген 62 тармақты күй секілді кейінгі буынның дәстүрді жалғастырғанын қаладым. Қазіргі таңда ансамбль құрамында 25 оқушы бар. Кейінгі кезде «Ақжелеңнің» аудандық мерекелік іс-шараларға жиі қатысуы қуантады. Мектептегі барлық мерекелік іс-шара осы ансамбльмен ашылады. Бүгінде тобымыз дамып жатыр, яғни «Ақжелеңнің» ішінен этно-ансамбль құрылды. Олар ескі ән-күйлерді жаңартып жеткізеді. Шәкірттеріміздің шыңдалып келе жатқанының бір көрінісі сол, биыл республикалық «Жеті қазына» өнер байқауында І дәрежелі лауреат атанды. Ұлан Маршал, Санжар Ернат, Мадияр Мақсотов сынды ансамбльдегі жеке орындаушылар күй бойынша «Балдәурен», «Жайық толқыны» секілді аудандық фестивальдердің жеңімпазы атанды.

806AA0C8-4C0D-44AF-884D-12CAF8EBFFAE

Жалпы, мектепте домбыра сабағы аптасына екі рет өтеді. Оған 2-8 сыныптар аралығындағы оқушылар қатысады. Әр сыныпқа сай бағдарламалар бар.  Ансамбль құрамындағы оқушылар домбыра тарту мен нотаны бала кезден біледі. Яғни олар мен келгенше жүргізілген домбыра үйірмесіне қатысты. Мен тек жөн сілтеп, басқан қадамдарын жаңғырттым десем де болады. Өздерінің ізденісі арқасында үйге берілген күйлерді тез жаттап келеді. Репертуарымызда 10-ға тарта ән мен күй бар. Десе де күйге көп көңіл бөлеміз. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың жан-жақты тұлға ретінде қалыптасуына біз де жауаптымыз, - дейді Әлібек Жәрдемұлы.

Б.Момышұлы атындағы орта мектеп директоры Аймекен Бақтығалиеваның айтуынша, ансамбль құрамындағы оқушылардан мәдениеттілік пен эстетикалық тәрбие бірден аңғарылады. «Мектебіміздегі «Ақжелең» ансамблінің бағындырар белесі көп деп ойлаймын. Өңірімізге танымал күйші Әлібек Қуанышалиев пен жұбайы Раушан Шаканаева екеуі шәкірттерімізді ұлттық құндылықтарымызға сусындатып жүргені қуантады», - дейді Аймекен Бақтығалиқызы.

Сөздің шыны керек, бүгінде көп адам күйді түсінбейді. Сол себепті күйді тыңдап отырып, оның көңілді не қайғылы екенін ажырата алмай отырады. «Ақжелең» ансамблінің құрамындағы, домбыра үйірмесіне қатысып жүрген жас ұрпақ өздері біліп қана қоймай, ата-анасына, туыстарына, достарына күйді түсіндіре білсе, бабадан қалған әуез құлағымызға сіңісті, жүрегімізге жұғысты болары сөзсіз.

Салтанат Серікбайқызы

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале