Ғұмырдарияда небір қиындық, сынақтан қаймықпаған жандармен дидарласудың, әлбетте, әсері айтулы. Бүкіл еңбек жолы өзі туған Тайпақ (қазіргі Ақжайық) ауданында өткен Жұмазия Байғалиева өмірден ордалы ой түйген, ауыл-елдің өткеніне жүйрік аға ұрпақ өкілдерінің бірі. Бүгінде Оралда тұратын оны 90 жасқа толуымен құттықтауға шаңырағына келгендер де жан-дүниесінің байлығына қанықты, тарихпен тілдесті.
Білім, мәдениет саласындағы қызметтерінде алғырлығымен танылып, Тайпақ аудандық аткомы төрағасының орынбасары, сосын аудандық партия комитетінің хатшысы болып көп жыл халық игілігі үшін атсалысу, халықтық бақылау комитетін басқаруы, осының бәрі ауыл-ел шежіресінде өшпестей жазулы, кейінгілер үшін елжандылықтың, адалдықтың қайнары болып табылады. Мерейгерге облыс әкімі Ғали Есқалиевтың Құттықтау хатын тапсыра тұрып, оның орынбасары Бақытжан Нарымбетов осыны ерекше атап өтті.
Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Жұмазия Байғалиқызының еңбегіне жұрты әманда тағзым ететінін баяндап, бағалы сый-сияпат тапсырды, зор алғысын, ақ тілеуін арнады.
Сондай-ақ облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов, ақжайықтық ардагерлер Қайырғали Уәлиев, Дәулетжан Жақсыбаев, Ақжайық ауданы ардагерлері Орал қалалық қауымдастығының жетекшісі Әленғали Кереев, облыс әкімінің ауданымыздағы өкілі Ғиззат Ихсан құттықтап, естелік сыйлықтар тапсырды.
Отбасында үлкенді қадірлеудің, мәпелеудің өнегесін көрсеткен Болаты мен келіні Айгүлге, немере ұл-келін Диас пен Жадыраның атына жиналғандар шексіз ризашылық арнады.
Қызмет жылдарынан сыр шертіп, тұстастары, әріптестері, ауылдастарының еңбегінен, имандылықтарынан әңгімелеген Ж.Байғалиева өзіне мұндай құрмет-қошемет, ақ ниет үшін зор алғысын арнап: «Еліміз алға қойған мұраттарға сай өркендеп, халқымыздың аппақ арманы дәйім орындалсын. Бәрің де өмірдің өрінде, құрметтің төрінде болыңыздар!», – деп батасын берді.
Бекем Бекұлы,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz