11.12.2020, 10:47
Оқылды: 46

Аламан айтыс өтті Қурайлысайда

Қазақ әдебиетінің алыбы, ұлы ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Жұбан  Молдағалиевтің 100 жылдық мерекесі биылғы жылы Ақ Жайық өңірінде дүрілдеп өтті.

DB831DE6-F5B3-47AA-852E-D5D4133264A0

Ақын жөнінде жерлестері естелік жинақ шығарып, келістіріп Жұбан орталығын ашып, Орал қаласының ең сәулетті көшесінен Жұбағаңның еңселі ескерткіші бой көтерсе, профессор А.Қыдыршаевтың басшылығымен қарымды қаламгер туралы энциклопедияның жарық көруі де ұлы тұлғаның ғұмырын мәңгілікпен жалғаған жарасты іс болды.

Жақында Ақжайық ауданы әкімдігі мен ақын атындағы орталық Жұбан Молдағалиевтің туған өңірі Қурайлысай ауылында ақын рухына арнап аламан айтыс өткізді. Айтысқа Орал шаһарындағы Қадыр орталығынан он ақын және ауданнан екі жас түлек, мектеп оқушылары қатысты. Айтысты ашқан Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Т. Ғабдушев жыл ішінде атқарылған жұмыстарды айта келіп, Т.Жазықбай, М. Бердәлі, З.Сисенғали сынды бір топ қаламгерлерге ақынның 100 жылдығына арналған мерекелік төсбелгіні  тапсырды.

Сахна төріне Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының төрағасы, Қадыр Мырза Әли орталығының директоры Бауыржан Халиолла көтеріліп, оралымды ойын айшықты сөздерімен ортаға салып, айтыстың аламандарына сәттілік тіледі. Сахнаға он екі ақын шыға келгенде залдан шыққан «Ой, мыналар Жүрсіннің жүйріктері, Бауыржанның батырлары, Сағынтайдың саңлақтары ғой», – деген дауыс көрермендердің де делебесін қоздырып жіберді.

Айтыс тізгінін республикалық ақын-жыршылар қауымдастығының мүшесі, белгілі ақын Сағынтай Бисенғалиев ұстады. Төрт сағатқа созылған сөз сайысында сайыпқыран ақындар Жыландының Жұбанының бар қазақтың ұранына айналғанын айтып, ұлы ақынды айбарландыра түсті. Ақындардың аузынан елдің тарихы да, халықтың мұң-мұқтажы да жыр болып төгілді. Әсіресе, бұрыннан да сахнаға сән беріп, дүйім көрерменнің көңілінен шығып жүрген Мұрадым Мерланов, Бауыржан Ширмедин, Айнабек Бисенғалиев, Мейірман Шәкеновтер шынайы шеберлігімен жұртшылық  көңілінен шықса, Базартөбе ауылдық округінен келген екі оқушы, Абзал Наурызғали мен Ділмұхамед Зейнешов, болашағынан үміт күттіретін оғландар екенін дәлелдеді. Бір ғажабы бұл айтыста жеңімпаз болған жоқ. Ақындардың әрқайсысына Жұбағаңның поэмаларының атауы жазылған алғысхат тапсырылды. Сөйтіп, он ақын он поэманың атауымен жүлдегер атанды.

Шара көрермендерге ақын тойының туған жеріндегі қорытындысы сынды әсер  қалдырды.

Закария Сисенғали,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале