11.05.2020, 12:37
Оқылды: 2

Алаңқайдың жайы алаңдатады

«Теректі жаңалығы» газеті оқырманмен тығыз байланыста. Аудандық газет поштасына келген кез-келген хат та, өтініш те, сауал да жауапсыз қалмайды. Подстепный ауылдық округіне қарасты Юбилейный ауылы тұрғындарының базынасын жалпақ жұртшылыққа жеткізсек дейміз.

037E8BF2-3C0A-49FB-B420-658FF53CCF82

Аудан айнасының фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасына Теректі ауданы, Юбилейный ауылының тұрғындарынан хат келіп түсті.

Хаттың мәтініне тоқталмас бұрын ауыл хақында аз-кем сөз. Юбилейный ауылы – аудан орталығынан 52, облыс орталығынан 25 шақырым жерде жатыр. Деректерге сүйенсек, ауылдың тарихы тым тереңде. Алғашында 1937 жылы асыл тұқымды жылқы өсіру мақсатында «Госконюшня» ауылы болып құрылған. 1952 жылы ауылдың атауы «Орал облыстық ірі қара малын қолдан ұрықтандыру станциясы» (Госплемстанция) деп өзгертілген. 1980 жылы Ұлы Жеңістің 35 жылдығына орай «Юбилейный» атауы берілген.

Ия, тарихқа көз жүгіртсек, ауыл кезінде дүркіреп тұрған. Ауыл щаруашылық саласының мамандары облыс ғалымдарымен  бірлесіп, көшім жылқысын, қазақтың ақбас сиырын, етті-жүнді Ақжайық қой тұқымын өсіруде алдарына жан салмаған.

Қазір ауылдың тынысы қалыпты. Жаңа мектеп бой көтерді. Ауылда 500-ден астам адам тұрады. Таза ауыз сумен қамтылған. Тек ауылға кіреберіс жолдың зары әлі билік басындағылардың құлағына жетпей келеді.

Алайда бүгінгі әңгіме жол жөнінде емес. Қыруар қаржыны талап ететін жол жөндеу жұмыстары бірер жылда басталар. Хаттың мәтініне тоқталайықшы енді.

"Құрметті редакция! Юбилейный ауылындағы балаларға арналған алаңқай өте нашар жағдайда (суретте). Ауылда балалар өте көп, бос уақыттарын өткізер орынға зәруміз. Ауылға қазіргі заманға сай ойын алаңы қажет. Суреттегі ойын алаңы сапасыз материалдардан жасалып, бүгінгі таңдағы сыйқы дәл осындай. Жасаған компания кері бәрін жөндеп бере ме, яки жаңасы бола ма бір реті табылар деп сенеміз" делінген хатта.

17129D87-94D6-4CAB-94EF-EFA29B6CB38F

Расымен, суреттерге көз тастасақ, балаларды аяйсың. Дамыған заманда, күн сайын өркендеп жатқан мемлекетте тұрып неге осыншалықты хәлге душар боламыз? Түптеп келгенде, бұл алаңқайды сырттан ешкім келіп бұзбайды. Ауыл тұрғындарының салғырттығы, өз ауылына деген сүйіспеншіліктің кемшін тартуы – басты себеп. Бірақ алаңқайдың жасалғанына бақандай бес жыл өткен. Бес жыл бойы ауыл тұрғындарының не болмаса жергілікті әкімдіктің аталмыш мәселені көтеріп, олқылықты жоюға тырыспағандығы таңғалдырады. Подстепный ауылдық округі әкімі орынбасары Сағдат Өмірғалиұлымен телефон арқылы тілдесіп, мән-жайды сұрадық.

C18950B3-9897-40A9-A14C-E24929337C97

- Юбилейный ауылындағы балалар алаңы - Подстепный ауылдық округіндегі ең алғаш жасақталған алаң. Сол уақытта Подстепный ауылының өзінде алаңқай болмаған. Айтуыңыз орынды. Бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Ағымдағы жылы қаражаттың реті шықса Юбилейный ауылындағы алаңқайды жөндеп, жаңа кейіп беру жоспарда бар,- дейді әкім орынбасары.

Ауылдың жанашыр азаматы Бейбіт Қуанышқалиевпен де сөйлесіп көрдік.

04518277-035C-4912-B5F5-39AF8E6C2E62

- Алаңқайдың жәйі тұрғындарды расымен алаңдатып тұр. Әрине, кінәні өзімізден іздейміз. Қолда бардың қадірін білмегеніміз жасырын емес. Келбеті көз тартар алаңқайды даладан біреу келіп аянышты хәлге түсірген жоқ. Ол - ауылдың жастарының әрекеті. Біздер, яғни ауыл үлкендері ақыл-кеңесімізді айтудан жалыққан емеспіз. Алаңқай өзекті мәселеге айналды. Дегенмен қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Кәсіпкерлердің жәрдемімен сыр алып, өзіміз сәл-пәл болсын ретке келтіргіміз келеді. Ауылдың жайнап, өсуіне тек сол ауылдың тұрғындары ғана мүдделі болуы қажет. Әрине, әкімдік те біздің бастаманы қолдайтын шығар,-дейді Бейбіт ағамыз.

A1CE0D91-2E79-42C5-983A-F0D1B9F30983

Бір топ Юбилейный ауылы тұрғындарының хатына аудандық газет лайықты жауап бере алды деп ойлаймыз. Бұл мәселе газеттің жіті назарында болады. Ауыл тұрғындары бастап, жергілікті кәсіпкерлер қостап, әкімдік жұмысты ұйымдастырса, Юбилейныйдың балғындары жаңа  алаңқайда асыр салар күн де алыс емес шығар.

Әділет Орынбасаров

Теректі ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале