Жақында Бөрлі колледжінде «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары» атты дөңгелек үстел өткізілді.
- Шараның мақсаты «Алаш идеясын жаңғырту, Алаш зиялыларының азаттық жолындағы ерліктерін тәуелсіз елдің ұрпақтарына дәріптеу» - деді жиынды ашқан Бөрлі колледжі директорының орынбасары Нұргүл Лұқбанова.
Өткен ғасырдың басында басталған Алаш қозғалысы ұлт тарихындағы жарқын беттер екені анық. Орынбор қаласында өткен бірінші және екінші қазақ сиездері, Орал қаласында өткен Орал қазақтарының облыстық бірінші сиездерін есте сақтау маңызды. Алашорданың батыс бөлімінің басын қосқан Қаратөбе сиезі, Жымпитыда өткен Орал өңірі қазақтарының төртінші сиезі өткен ғимараттар мен өткен орындардың әлі де қастерленіп отырғаны бір ғанибет. Осы туралы өз толғамын жеткізген ақын Дариға Нұрашева мүмкіндік болса, Жымпиты, Қаратөбе мұражайларына баруды, әсіресе Қаратөбедегі Алаш қайраткерлері және Қайыржан Хасанов мұражайына барып, танысуға шақырды.
«Мен бүгінгі Әлихандар мен Мағжандардың көбейгені жастардың Алашорда тарихына, жалпы ұлт тарихына бет бұра бастағаны деп білемін. Бұл қуантарлық жайт. Егемендікті сақтауды көздеген, елдің іргесін сөкпей, ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетпеу үшін күрескен ерлердің есімін ғана білмей, олардың алдарына қойған мақсат-мүддесін де тереңнен саралай білуіміз қажет» - деді.
Дөңгелек үстелдің арнайы қонағы ҚДП «Ақ жол» БҚОФ төрағасының бірінші орынбасары, «AQJAIYQ» телеарнасының «Әділетті қоғам» бағдарламасының авторы, журналист Бағдат Ізмағамбетов Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметтеріне көбірек тоқталды. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың сөзімен сөз бастаған Бағдат Мәдиұлы кез келген жерде, кез келген мамандықта жүріп те елге, жерге қызмет етуге болатыны көбірек тоқталды.
«Ең бастысы, өз еліне, отанына деген сүйіспеншілік керек. Ұлттық рух керек. Көп жағдайда жұмысыңды адал атқарсаң, елге ол да тигізген пайдаң болады», - деп жастарды жақсы мамандық алып шығып, пайдалы іспен айналысуға шақырды.
Сондай ақ колледж оқытушылары Н.Сатимова, Н.Өтеуов, кітапханашы Ә. Бектеновалар белсене қатысып, Алаш арыстары туралы, ел мен жер үшін күрестегі біртуар азамат Ж. Тәшенов туралы көрсетілімдер ұсынды. Алаш арыстарының өмірбаяндары мен мақсат-мүдделері туралы әңгімені ұйып тыңдаған студенттер дөңгелек үстел қатысушыларына өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, отырыс соңын қызу пікір таласқа ұластырды.
Дана Нұрмағамбет,
Бөрлі ауданы