7.04.2021, 12:04
Оқылды: 40

Алаштың астанасынан түркінің астанасына!

Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мамандары Түркістан облысында арнайы іссапармен барып келді. Олардың негізгі мақсаты - Түркістан облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жұмыс бағытымен танысып, игеру.

9AB04190-3275-484D-991C-EB861018DE1E

 Еліміздің су жаңа облысы Түркістан сәулет-құрылыс жағынан ғана дамып жатқан жоқ. Жаңа ашылған облыста әр сала жаңашылдықпен «тыныс алып» тұр. Біз сөз қылып отырған Түркістан облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы – тек қызметкерлердің жұмыс орынына емес, өңір жастарының өз үйіне айналған. Оған Түркістан өңіріндегі сапарымызда куә болып, аудандағы әріптестеріне айтып келгенбіз.

B6144B58-549D-40E1-996D-13A793B710EC

 Міне, «Жақсыны көрмекке» дегендей, сырымдық жастар киелі шаһарға аттанды. Сапарларының сәтті болып жатқанын күнделікті хабарларынан біліп отырдық. Сол жақта жүрген делегация жетекшісі Нұртілеу Болаттың айтуынша, ресурстық орталық жастарға қызмет көрсету, талантты жастарды қолдау, психологиялық көмек көрсету және дағдарыстың алдын алу, талдау және мониторинг және жастарға мобильді қызмет көрсету бөлімдері жұмыс жасайды екен. Жастардың арасында отбасылық кикілжің, ерте жүктілік, сәбиден бас тарту, ажырасу, суицид сияқты жаманаттар белең алып тұрған уақытта психологиялық көмек пен дағдарыстың алдын алу бөлімі мектеп пен ауруханаға емес, негізінде жастар орталықтарына керек секілді. Орталық жанынан құрылған «ALIMZHAN» ағылшын тілі мектебі, гитара үйірмесі, «Поэзия жастары» жас ақындар үйірмесі, «GOLDEN GLOW ART» сурет үйірмесі, «Асыл мұра» еріктілер мектебі, «A.S MEDIA» клубы, «Жас кәсіпкер» мектептері тегін қызмет атқарады екен. Болашақта осындай үйірме-мектептер Сырым ауданындағы жастар орталығы жанынан ашылып жатса қуанар едік.

7A878EEE-E894-412E-A28A-6C815207073B

 Орталық басшысы Нұртілеу Болат және мамандары Сәкен Мұса, Қайсар Халит әр бөлімге «уақытша қызметкер» болып, түркістандық әріптестерінің тың әдістерін жеке танысып, жете игеруде. Әсіресе, оларға ақпараттық талдау және мониторинг бөліміндегі жұмыстар пайдалы болуда. Сырымдық жастар Түркістандағы жас кәсіпкерлердің жұмыс орындарында болып, аудан жастарына онлайн саяхат өткізді.

Сапар орталықта қорытындыланып, Нұртілеу Болат түркістандық әріптестеріне Сырым мен Қадырдың бейнесі мен қанатты сөзі бедерленген сурет туындысын және рухани астанаға ақындар мен батырлардың елінен домбыра сыйлады.

 Нұртілеу Болат,

Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың маманы:

-Жоғарыда айтылғандай Түркістан облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықта 5 бөлім бар. Мен ақпараттық талдау және мониторинг бөлімінің жұмысына ерекше тоқталғым келеді. Облыста мектеп жасындағы жастармен жұмыс оң жолға қойылған. Орталық тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жастар арасындағы суицидтің алдын алуға бар күшін салып отыр. Тек қала көлемінде шектелмей, мамандар аудандардағы ахуалды да қадағалап отыр.

Біз үшін таңсық болған бөлімнің бірі – талантты жастарды қолдау бөлімі. Талантты жастар тек өлең шығарып, ән айтатындардан тұрмайды. Түркістан тілге, білімге ынта-қабілеті бар жастардың бәрін дарынды деп санайды. Солай болу да керек. Облыстық жастармен жұмыс орталығы жанындағы би үйірмесі, тіл үйрену курстары, еріктілер қозғалысын дамыту – жастардың дамуына жасалған жағдай ғой.

Бұған дейін аудан әкімі жастарға кәсіпкерлік негіздерін үйрету бойынша тапсырма берген еді. Сол тәжірибені Түркістаннан көріп, біліп келдік. Қазіргі таңда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сырым аудандық филиалымен бірлесіп, «Бизнеске бағыт!» атты тегін курстар ұйымдастырмақшымыз. Ағылшын тілін үйрету сабақтарын да өткізетін секілдіміз.

Орталық мамандары өз біліктіліктерін арттыруды да ұмытпаған. Сөйлеу мәдениеті мен ораторлық шеберлік, ҚР заңнамаларын білу курстары жиі ұйымдастырылады екен.

Ресурстық орталықта тұрғын үй банктерімен арнайы бір маман айналысады. Жастарды баспанамен қамтудың жаңа жобасымен таныстық.

Бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс ауданда да, Батыс Қазақстан облысында да кемшін екенін мойындауымыз керек. Жастар орталықтарында бұл саламен тек 1 маман айналысады. Оның өзінде біздер әлеуметтік желінің ақпарат құралы санап, соған тоқмейілсіп жүрміз. Түркістан облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықта БАҚ-пен жұмыс жасайтын арнайы бөлім бар. Бөлім басшысы мен 4 қызметкер осы салаға әбден дендеген.

Түркістаннан қойын дәптерімізге көп идея түртіп әкелдік. Бұйырса, жүзеге асырамыз.

Қайсар Халит,

Сырым аудандық ресурстық орталықтың маманы:

-Бүгінде елімізде жастар саясаты күн санап дамып келеді. Жаңашылдықты үйрену – жастардың талабы. Біз, Сырым ауданының жастары, Мағжан Жұмабаев «екі дүние есігі, ер түріктің бесігі» санаған, жуырда ғана «Түркі әлемінің рухани астанасы» мәртебесін алған Түркістан қаласына сапар шектік. Түркістан  жастар орталығына барып, тәжірибе алмастық. Орталықтан біз көп нәрсені көкейімізге түйіп, көңілімізге тоқып қайттық.

Мен зор маңызға ие болып отырған жастар арасындағы шағын және орта кәсіпкерлікті жандандыру бағытындағы жұмыстармен таныстым. Мемлекеттік бағдарламаларды, Үкіметтен берілетін қайратымсыз гранттарды талқыладық. Жастар бизнесін өркендету туралы ой қозғалды. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қайтарымсыз гранттар алған жас кәсіпкерлермен кездесу мүмкіндігіне ие болдық.  Бұл бағытта бізге үлгі боларлық тұстары бар екен. Үлкен меценаттар, ірі кәсіпкерлер жастарды шағын бизнеске тарту мақсатында  200-300 мың теңгелік гранттар ойнатады екен.  Бұл – жұмыссыз жастарға үлкен қолдау болып, алдында мақсат қойған  жастарға қанат бітіреді.  Жұмыссыздықтың жолын кесіп, жастардың алға өрлеуіне, әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына сеп болады. Осы орайда, біздің ауданның кәсіпкерлері, шаруа қожалықтары аудан жастарына осындай қолдау білдірсе, олар да  бәйгеге шағын бизнеске арналған грант тігіп, жастарын демеп жіберсе деймін.

Сәкен Мұса,

«Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

 -Ұлы Жібек жолының бойында орын тепкен Түркістан шаһары - біздің еліміздің ең көне қалаларының бірі.

ХІІ ғасырдан бастап Түркістан Орталық Азияның рухани, саяси және идеологиялық мекеніне айналды. Қазақ хандары астанасын осында орналастырды. Есім ханның кезінде өзінің теңгесі басып шығарылған. Ал Абылайды халық ақ киізге отырғызып 3 жүздің ханы етіп көтерді. Қазақтың біртуар азаматтары өзін Түркістанға жерлеуді аманат еткен және қаншама басқа хандар осында жерленген. Міне, осы жағынан алып қарағанда Түркістан шын мәнінде қазақ үшін ең қасиетті қала екендігі, тек қазақтар үшін емес, түркі тілдес азаматтар үшін де осындай қасиетті екендігі айдан анық.

Түркістанның рухани астанаға айналуына ислам дінін уағыздаушылардың бірі Қожа Ахмет Яассауидің орны бөлек. Оның хикметтері адамзат ойының жауһары саналады. Бүгінде Түркістанға келген адам бір сәт күнделікті күйбең тіршілікті ұмытып, тарих қойнауына бойлайды, рухани байиды. Осындай тарихы тұнған қаланың көрікті жерлері мен түрлі тарихи мекендерді  яғни Отырар ауданы Шәуілдір ауылында орналасқан «Отырар төбе» және бабтардың бабы Арыстанбабтан бастау алып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі және т.б мекендерді барша аудан жастарына Сырым жастары парақшасында тікелей эфирмен таныстырған болатынбыз. Жастар тарапынан қойылған сұрақтарға эфир барысында жауаптарын алып, алғыстарында білдірген болатын. Бұл да барғандағы басты мақсаттарымыздың бірі еді.

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале