12.06.2025, 11:00
Оқылды: 128

Алаштың ұясына Ұларбек келді

Сырым ауданына белгілі ақын, аудармашы, сценарист Ұларбек Нұрғалым келді. 

IMG_2879

Ұларбек «Дайағашшы», «Керағыс», «Болмыс», «Тағдыр мен Майдан», «Жазушы жаны» кітаптарының авторы. Бірақ оның шығармашылық потенциалы мен елге деген махаббаты «Абай жолы», «Ахмет.Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ» фильмдерінен көрінеді. Ұларбек Міржақып болып жалын атып сөйлейді, Ахмет болып ойланады, Абай болып толғанады. Қазақ киноөндірісінің жаңалығы ретінде қабылданған тамаша фильмдердің сценаристі Жымпитыға жай келмеген. Алаштың ізін іздеп келіпті. Ұларбек Нұрғалымды Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов қабылдап, пікірлесті. Кейін қонағымыз Жымпитыдағы ескі мешітке кіріп, шаһиттар рухына Құран бағыштады, жол дұғасын оқыды. Кейін Сырым Датұлы көшесін жаяу аралап, Алаш мұражайына барды. Қазақ Азаттығының Қағбасы - Алаштың ағаш үйіне біраз аялдады Ұларбек ақын. Сценаристің  Жымпитыға келудегі мақсаты - Алаш тақырыбындағы жаңа фильмдерге Күнбатыстағы бөлімшенің жұмысы, қайраткерлерінің ісі туралы сюжеттер қосу. Ұларбек мырза С.Датұлы атындағы тарихи - өлкетану музейінде де болды. Музей қорына жаңа жәдігер түскен екен. Ол - Ахмет Байтұрсынұлының «Жаңа әліппе» атты балалар оқулығы. Музей директоры Айнагүл Ойшыбайдың айтуынша, жәдігерді Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектептің директоры Меруерт Жұмағали тапсырған. Төте жазумен басылған оқулықты Ұларбек Нұрғалым нақышына келтіріп оқып, іздегені табылғандай күйге бөленді.

- Біз айтып жүрген логикалық есеп сөзі – Қулықесеп болып, ауа – райы деген сөз, Күнбақпа деп жазылған, айтып жүрген айыпдоп сөзі – қатадоп, деп көне сөзбен айтылыпты. Көптеген қазақтың терең сөздерін Ахаңның балаларға ылайқаттап жазып қалдырған мұрасын, маманның оқуында есту бір ғанибет екен, - дейді музей директоры Айнагүл Ойшыбай.

Б. Шерім,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале