Соңғы жылдары әлемде белең алып, әлі күнге дейін шешімін таба алмай келе жатқан күрделі мәселенің бірі – интернет алаяқтық. «Алаяқ» сөзі халыққа етене таныс болғанымен, «интернет алаяқтық» бастапқыда таңсық термин болғаны рас. Бұл мәселенің қаншалықты өзекті екендігін жақында анам, кейін айналамда жүрген жолдастарым интернет желісіндегі алаяқтардың арбауына түскенде ғана жете түсінгендей болдым. Себебі ең алғашында ондайларға тек оқымаған не санасыз адам ғана алданады деп ойлаушы едім. Ал асылында алданғанның басым көпшілігі жұмысы бар, сауатты, білімді азаматтар екен. Осы орайда мәселенің мән-жайын анықтау үшін және ғаламторды шарлап жүрген арамзалардан қайтсек қорғана алатынымызды білу мақсатында Жәнібек аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Мейрамхан Бапаховпен сұқбаттасқан болатынбыз.
- Сәлеметсіз бе, Мейрамхан Темірханұлы! Алдымен интернет алаяқтық ұғымына анықтама беріп, халыққа қарапайым тілмен түсіндіріп берсеңіз.
- Алаяқтық деп өзінің аты айтып тұрғандай өзге біреуді алдау арқылы оның қандай да бір затын немесе ақшасын жымқыру, сенімін пайдаланып, теріс жолмен бөтен мүлікті иемденуді айтамыз. Ал интернет алаяқтықта қылмыскер қулығын ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырады. Бұл – қазіргі таңда ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуына байланысты пайда болған алаяқтықтың жаңа бір сипаты. Яғни айлакер телефон, компьютер сынды құралдармен интернет желісінде адамдарды алдап, тіпті толыққанды сеніміне кіріп, оп-оңай ақшасын не басқа затын ұрлайды.
- Ал облысымызда және ауданымызда аталмыш қылмыс деректері тіркелген бе?
- Егер сандық деректермен жауап беретін болсам, БҚО бойынша былтыр төрт жүз тоқсан, биыл, яғни 2024 жылы жиырма жеті дерек тіркелген. Ал ауданда былтыр бес қылмыстық жағдай болды. Яғни шамамен сегіз миллионға жуық ақша жаттың қолына кеткен. Биылға бірде-бір адам шағымданбады. Дегенмен «ұят болды-ау» дегенді алға тартып, жұмған аузын ашпастан бізге келмей отырған жандар болуы да мүмкін. Бір байқағаным, алданып қалған жандар арыз жазуға келген күннің өзінде ешкімге айтпауымды, жасырын қалуын өтінеді. Басты себеп – ұят. Менің ойымша, бұл жерде ұялудың еш қажеті жоқ. Керісінше, айналасындағы таныстарына, дос-жарандарына басынан өткенін айтып, ескертсе...
-Осы қылмыстық жағдайлар орын алмас үшін полиция бөлімі тарапынан қандай жұмыс атқарылуда?
- Қазіргі таңда біз, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тек ауданда ғана емес, сондай-ақ ауыл тұрғындарының арасында түсіндірме жұмысын жүргізіп жатырмыз. Мекемелерге, тіпті әр үйге барып, халыққа барынша түсінікті тілде алаяқтардың қалай әрекет ететінін, қандай сызбамен алдауы мүмкін екендігін ескертудеміз. Одан бөлек баспасөз орталығында аталмыш тақырып аясында тікелей эфир өткізіп, келген сұрақтарға кеңінен жауап берген болатынбыз. Сонымен қатар тұрғындарды аудандық мәдениет үйіне жинап, бүгінгі қоғамның залым айлакерлеріне алданбаудың жолдарын түсіндірдік. Бір қынжылтатыны – осындай түсіндірме жұмысын жүргізу барысында халықтың немқұрайлылық танытатыны. Жиналыстарға қатысқанымен, ойы мүлдем басқа жақта отыратын жандар да бар. Мұны айтпасқа болмайды. Тіпті мекемелерге барған кезде «неге келе бересіздер?» деп наразылық танытатындар да аз емес. Осы жерде айтқым келетіні, интернет алаяқтарымен күресудің ең тиімді жолы – оның алдын алу. Міне, сол үшін тәртіп сақшылары жұрт сан соғып, алаяқтарға алданып қалмас үшін олардың не түрлі айла-тәсілдерін тұрғындарға жеткізіп, құлақ қағыс етуде. Өйткені ақпарат кеңістігінде жасалып жатқан қылмысқа тек осылай сауаттылығымызды арттыру арқылы қарсы тұра аламыз.
- Өз сөзіңізде ғаламторды шарлап жүрген алаяқтармен күресудің тиімді жолы – оның алдын алу дедіңіз. Ендеше, сақтану жолдарын айтып өтсеңіз.
- Қылмыскерлердің құрбаны болмас үшін бөтен адамдарға сенбеу керек және міндетті түрде сырттан келген ақпаратты тексеріп, көз жеткізіп алу маңызды. Сонымен қатар паспорттық және өзге де дербес деректермен бөліспеңіз. Банк карталарының нөмірлерін, пин-кодты және ұялы телефонға келіп түскен SMS парольдерді ешкімге бермеу қажет. Тіпті өзін банк қызметкерімін деп таныстырған болса да, иланбаған дұрыс. Себебі сізге банктен қарапайым нөмірден олай ешкім хабарласпайды. Одан бөлек кез келген ұсыныстарға сын көзбен қарап, қандай да бір тауарды сатып алу кезінде алдын ала төлеуге келіспеу керек. Сондай-ақ банк қосымшалары арқылы шығыс лимитін белгілеп, мүмкін болатын транзакциялар мөлшерін және өз құжаттарыңызға, әсіресе жеке куәлік, банк картасына қол жеткізуді шектеу маңызды. Ешкімге, тіпті таныстарыңызға да жеке құжаттардың фотосуреттерін жолдамауға тырысыңыз.
-Соңғы уақытта интернет алаяқтықтың қандай түрі көп кездеседі?
-Біздің елімізде соңғы уақытта банк қызметкері немесе қауіпсіздік қызметі ретінде қоңырау шалу, жұмысқа тұрғызу түріндегі алаяқтық, сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы тауарларды сатып алу және сату, «WhatsApp» мессенджеріне рұқсатсыз кірумен байланысты алаяқтық, интернет арқылы қайыр сұрау және телефон-алаяқтық сынды түрлері көп кездесіп жүр. Мысалы, сіздің телефоныңызға алаяқтар банктің қауіпсіздік қызметі немесе банк қызметкерлері болып хабарласып, сіздің банк есепшотыңыз бұзылғаны немесе алаяқтардың сіздің атыңызға несие рәсімдеу әрекеттері туралы хабарлайды. Әрі қарай олар алаяқтық әрекетке жол бермеу мақсатында өзіңізге несие рәсімдеуді және қашықтықтан басқару мүмкіндігін беретін «AnyDesk», «HopToFesk», «RustDesk», «TeamViewer» қосымшаларды жүктеуді ұсынады. Аталған қосымшаларды жүктей отырып, сіз өзіңіздің банк есепшоттарыңызға рұқсат бересіз және алаяқтар осыны пайдалана отырып, ақшаңызды ұрлайды немесе атыңызға несие алады. Тағы бір кең таралған түріне тоқталсам. Алаяқтар мобильді телефонға хабарласа отырып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, жәбірленушінің туысқаны адам қағып кеткендігін немесебасқа қылмыс түрін хабарлайды. Осыдан кейін алаяқ жәбірленушінің абдырау жағдайын пайдаланып, аталған жағдайды ақшамен шешуді ұсынады және ақшаны курьер арқылы беруді сұрайды. Онымен қоса алданып отырған адам ақшаны бергенше үздіксіз онымен телефон арқылы әр түрлі психологиялық манипуляциялар жасап, сөйлесіп отырады. Бұл жағдайда негізінен егде адамдар жәбір көреді. Сонымен қатар қазіргі таңда шығып жатқан алаяқтықтың жаңа түрі «WhatsApp» желісінде жүзеге асады. Арамзалар аталмыш желіде сізге сілтеме жіберуі мүмкін және сілтемені басу арқылы туысына дауыс беру туралы өтініш жазады. Біраз уақыттан кейін WhatsApp хабарламаңызға кіріп, сіздің атыңыздан таныстарыңыздан қарызға ақша сұрайтын SMS-тер жібереді. Сол үшін күмәнді сілтемелерге өтпеу керектігін қатаң ескерткім келеді.
- Интернет алаяқтықтың бірнеше түрін түсіндіріп өттіңіз. Ал облыс бойынша құйтырқы әрекеттерін жүзеге асырған алаяқтар құрықталды ма?
- Өкінішке қарай, ақпарат кеңістігінде қулығын асырып жүргендерді, қылмыстың басында тұрғандарды құрықтау оңай емес. Олар ауыстырмалы нөмірлер арқылы кез келген адамның телефон нөмірімен қоңырау шала алады. Сол үшін де алаяқтықтың дәл осы тәсілін әшкерелеу қиын. Дегенмен былтыр Орал қаласынан бір дроппер ұсталып, қазіргі таңда жазасын өтеуде.
- Түсінікті. Ал дроппер деген кім?
- Дроппер деген ұғымға жеке тоқталайын. Дроппер – қылмыстық іздерін шатастыру үшін алаяқтардың қылмыстық әрекеттеріне пайдаланатын, нақты айтқанда қылмыстық жолмен тапқан ақшалай қаражаттарын аудару немесе қолма- қол шығару үшін пайдаланатын тұлға. Дропперлерді алаяқтар әлеуметтік желі арқылы оларға қомақты еңбекақы немесе тек банк шоттарын ұсынғаны үшін 10-20 мың теңге төлейміз деп тартады. Оған көбі келіседі және ауыр қылмыстың қатысушысына айналады. Осыған байланысты бүгінгі күні алаяқтармен келтірілген материалдық залалдың барлық соммасын азаматтық тәртіпте дропперлерден жәбірленушінің пайдасына өндіру туралы сот практикасы енгізілгендігін хабарлаймын.
-Мейрамхан Темірханұлы, аудан тұрғындарына айтарыңыз бар ма?
-Тұрғындар барынша өзіне хабарласқан не жазған бейтаныс нөмірлерге жауап бермесе деймін. Алаяқтардың құрбанына айналмас үшін олармен мүлдем тілдеспеу керек. Телефон көтерген жағдайда да сөйлесуді бірден тоқтатқан жөн.
Осы орайда Instagram әлеуметтік желісінде «Cyberpolice.zko» парақшасына жүргізілетінін, онда интернет алаяқтық қылмысына профилактика туралы өзекті мәселелер жиі жарияланатындығын айтып өткім келеді. Егер парақшаға тіркеліп алсаңыз, аталмыш қылмысқа қатысты барлық жаңалықтар мен сақтану жолдарын біліп отырасыз.
Осыдан басқа 92-19-06, 8-771- 249-57-59 нөмірлерінде «Сенім телефондары» қызмет атқарады. Сонымен қатар 102 телефонына хабарласуға болады. Күдікті қоңырлаулармен барлық дерек бойынша дереу полицияға хабарлауыңызды өтінемін.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Айсұлу Нұрболатқызы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz