21.11.2024, 18:00
Оқылды: 6

Алаяқтарға тосқауыл қою мүмкін бе?

Алаяқтыққа тосқауыл қою мүмкін болмай барады. Бұл – адамның немесе топтың өз мақсатына жету үшін басқалардың сенімін пайдаланып, оларды алдап-арбау арқылы заңсыз пайда табуы. Алаяқтар түрлі әдістер арқылы адамдарды алдайды, сондықтан олармен ел болып күресу аса маңызды. Қылмыс десек, ұрлық, тонау, ұрып-соғу елестетін едік бұрын. Алаяқтық та технологиялармен белең алған қазіргі қоғамда жиі кездесетін қылмыстың түріне айналды. Қысқасы қазір жапа шегіп, оқыс жағдайларға тап болу сапарға шығумен өлшенбейді.

IMG_2523

Бұл әрекет экономикалық залалдан бастап, моральдық зиянға дейін әртүрлі кері әсерлерге алып келеді. Қазіргі ақпараттық технологиялардың дамуы алаяқтардың әрекетін жеңілдеткенімен, сонымен қатар, оған қарсы күрес әдістері де жетілдірілуде. Олар әртүрлі әдістерді пайдаланады. Ең кең таралған түрлерін айтпай өтуге болмас.

Телефон алаяқтықтары: Жалған ақпарат беріп, адамдарды ақша аударуға үгіттеу;

Интернет алаяқтықтары: Фишинг, жалған сайттар арқылы жеке мәліметтерді ұрлау;

Жалған инвестиция ұсыныстары: Инвестициялауды ұсынып, кейін пайда табуға уәде береді;

Жалған жұмыс орындары: Әртүрлі жалған жұмыс ұсыныстарымен адамдарды алдау;

Оқырмандарымыз терең түсініп, ой түю үшін бұларға жеке тоқталуды жөн санадық. Фишинг әдісі - алаяқтар қолданушылардың жеке ақпараттарын (пин-кодтар, парольдер, банк карталарының деректері) ұрлау үшін жалған сайттар немесе электрондық пошта арқылы алдау. Әдетте, алаяқтар ресми ұйымдар атынан келетін хабарламаларды пайдаланады. Мысалы «Сіздің банк шотыңыз бұғатталды» деген сылтаумен қолданушыларды өз аккаунттарына кіруге шақырады.

Жалған интернет-дүкендердің де жыры көп. Интернет алаяқтары өздерін сенімді сатушылар ретінде көрсетіп, жалған онлайн дүкендер ашып, тауарды алдын ала төлеу арқылы сатады. Тауардың орнына алаяқтар ақша жымқырып кетеді. Интернет арқылы инвестициялау да құйтырқы әрекеттің бірі. Ғаламторда түрлі инвестициялық алаяқтық сызбалар көп таралған. Бұл жерде алаяқтар жоғары табыс әкелуге уәде беріп, адамдарды қомақты ақша салуға үгіттейді, кейін олар сол ақшаны ұрлап кетеді. Әлеуметтік желілердегі алаяқтықтар бәріне таныс шығар. Әлеуметтік желілерде жалған парақшалар немесе аккаунттар арқылы алаяқтар адамдарды алдайды.

Мысалы, жалған сыйлықтар, жеңілдіктер немесе басқалармен танысуға шақырулар арқылы адамның сенімін иеленіп, жеке мәліметтерін алуға тырысады. Рансомвар, яғни бақылау бағдарламалары арқылы арам ниетін жүзеге асырушылар да бар. Бұл – бағдарлама қолданушының деректерін шифрлап, оны қайтару үшін төлем талап ететін алаяқтық түрі. Интернет алаяқтары өз құрбандарының деректерін ұрлап, оларды қалпына келтіру үшін үлкен ақша талап етеді. Алаяқтардан қорғану үшін бірнеше қарапайым шара бар. Мұны есте сақтаған дұрыс.

Біріншісі, жеке мәліметтерді қорғауды ұмытпау керекпіз. Интернетте немесе телефон арқылы жеке мәліметтерді ешқашан бөліспеу алданудың алдын алады.

Екіншісі, қос факторлы аутентификация. Бұл – әртүрлі онлайн жүйелерде қауіпсіздікті арттыру үшін қосымша қорғау қабаты қосу және үшіншісі, қарапайым жалған ұсыныстардан сақтану. Үндеу немесе ұсыныс тым жақсы болса, ол көбінесе алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін. Алаяқтықтың алдын алу үшін тек заңды шаралар жеткіліксіз.

– Теректі ауданы бойынша жыл басынан бері 7 дерек тіркелді. Бір өкініштісі олар бірнеше миллион теңгеге алданып, қомақты қаражатты алаяқтардың қоржынына салып берді. Біздің тарап, яғни полиция қызметкерлері алаяқтыққа қарсы профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Теректі ауданының барлық ұйым, мекеме қызметкерлері нақты ақпараттарға қанықты деуге болады. Айта кету керек, портал арқылы онлайн несие алудан саналы түрде бас тартқандар да бар. Ескерту және түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында 1000-нан аса адамның есепшоты «eGov.kz» порталы арқылы бұғатталды.  Өз еріктерімен бас тартса, алаяқтарға төтеп беру оңай. Мұның нәтижесін де көріп отырмыз. Айталық, осы бұғаттауды насихаттау жұмысының арқасында теректілік көп зейнеткер өз қаражатын сақтап қалды, - деді Теректі аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Ренат Рахимов.

Бұғаттау демекші, бұл жұмыстың қарқынды жүріп жатқанын Теректі аудандық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Ғалым Шудобаев айтты.

– Жұмыс әлі жалғасады. Тұрғындарға есепшотты бұғаттау арқылы қатерден қорғануға болатыны жөнінде айтылып келеді. Ендігі кезекте аудан жұртшылығы бұған түсіністікпен қарап, барынша сақтануы тиіс, - деді ол сөзінде.

Еңбек ауылының тұрғыны Серік Жарас:

– Маған белгісіз нөмірден қоңырау түсті. Мен байқаусызда құпия сөзді айтып қойыппын. Тамыз айында Ақжайық полиция бөлімі есепшотымыды бұғаттап беріп еді. Соның арқасында менің атыма несие алынбады, шоттағы ақшам да өзіме қалды. Алғашында сеніңкіремей, «бұл не болды екен?» деп, күмәнданған едім. Алаяқтарға қалай алданғанымды білмей қалғаннан бастап, бұғаттаудың көмегі зор екенін түсіндім. Осындай шараларды жеткізген полиция қызметкерлеріне алғыстан басқа айтарым жоқ. Есепшоты бұғатталмаған ауылдастарыма тезірек бұғаттап алыңыздар дегім келеді. Егер ашу керек болғанда бұл қиындық туғызбайды, - деді.

Қоғам болып бірігіп, білім беру және ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу маңызды. Әрбір адам өз қауіпсіздігі үшін жауапкершілік танытуы тиіс.

Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале