Тоғызқұмалақ – қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатырған мұрасы. Бүгінгі таңда тоғызқұмалақ тек елімізде емес, халықаралық деңгейде дамуда. Тоғызқұмалақ – терең ойлауды қажет ететін ұлттық ойындарымыздың бірі. Қазір дүние жүзінде зияткерлік ойындар даму үстінде. Зияткерлік ойындарға тоғызқұмалақ сияқты адамның ойлау қабілетін, ой өрісін дамытатын спорт түрлері жатады.
Тоғызқұмалақ арнайы тақтада екі адам арсында ойналады. Ойын тақтасы 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Тоғызқұмалақ ойыны – тақ сандар мен жұп сандардың өзара тартысы. Ойын мақсаты-ойыншы өз қазанына кемінде 82 құмалақ жинап жеңіске жету.
Ауданымызда тоғызқұмалақ үйірмесі 1999 жылдан бері жұмыс жасайды. Ең алғашқы жаттықтырушы Қазақстанға еңбегі сіңген құрметті спорт қайраткері, жоғары дәрежедегі ұлттық төреші Айтбай Тастайбеков. Қазір Бөрлі ауданының аға жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сайлан Матылов ауданымызда балаларды жарыстарға дайындауда. Ауданымыздағы тоғызқұмалақ спортының қалай дамып жатырғанын білу үшін Сайлан Арматұлымен сұхбаттасқан едік.
-Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Ауданымызда тоғызқұмалақ қалай дамуда?
-Мен 2011 жылы 18 жасымда Орал қаласындағы №2 БЖСМ-де тоғызқұмалақтан жаттықтырушы болып жұмыс істеп бастадым. Орал қаласында жұмыс істеп жүрген кезімде Айтбай Тастайбеков пен ауданымыздың спорт бөлімі Бөрлі ауданын дамытайық деп шақырды. 2018 жылдан бастап ауданда тоғызқұмалақты дамытып, чемпиондар шығару үшін жұмыс жасаудамыз. Бөрлі ауданы тоғызқұмалақтан әрқашан жарыстарда алдыңғы қатарда. Барған жарыстарымыздан жүлдесіз оралмаймыз деп айта аламын. Мен 2018 жылы келгеннен кейін қаламыздағы №4 ЖОББ мектепте және аудандық БЖСМ де балаларға тоғызқұмалақты үйретіп бастадым. Кейін 2021 жылдан бастап №3 ЖОББМ және №6 мектеп-лицеймен толықты. Қазіргі таңда басқа мектептерде шақырып жатыр, бірақ та уақыттың жетіспеушілігіне байланысты тек осы жерлерде үйретудемін. Алғашында 20 шақты баламен бастасақ, қазір 70-ке жуық оқушымен жұмыстанудамыз. Бастапқы жылдары қатысқан балалардың біразы қазіргі таңда студент. Еліміздің бірқатар аймақтарындағы жоғары оқу орындарында оқиды. Кейде олар демалыс уақытында келіп, арттарынан ерген балаларға ақыл-кеңестерін айтып, бірге ойнайды. Қазір Айтбай аға Кеңтүбекте оқушыларды дайындауда. Ауданда Жарсуат, Бумакөл, Бөрлі, Ақбұлақ, Ақсу ауылдарында да тоғызқұмалақтан үйірмелер бар. Біз жарыстарға көп шығамыз. Қандай жарыс болсын қалмауға тырысамыз. Осындай уақытта әрдайым қолдау білдіретін аудандық спорт бөліміне, оқушыларды сабақтан жіберетін білім беру бөліміне алғысымды білдіремін. Қазіргі таңда ағаш тақтаға жәймен ауысудамыз. Кейде чемпионаттарды жеңіп келген балаларға ынталандыру мақсатында ағаш тақталарды сыйға беремін. Алдағы мақсат аудандағы барлық тоғызқұмалақ үйірмелерін ағаш тақтамен қамтамасыз ету.
-Тоғызқұмалақтың балаларға беретін пайдасы қандай?.
-Тоғызқұмалақ 4 мың жылдық тарихы бар, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ойын. Бұл ұлттық ойын балалардың логикасы мен ойлау қабілетін дамытады. Тоғызқұмалақ ойнайтын бала шыдамдылық пен сабырлыққа үйренеді. Әр бала әр түрлі. Бір бала жылдам игерсе, енді бір балаға біршама уақыт кетеді. Тоғызқұмалақ қиын, әрі күрделі ойын. Оны бүгін үйреніп, бәрін меңгеріп кете алмайды. Бұл көп дайындықты шапшаңдықты, ақыл-ойдың ұшқырлығын талап ететін ойын. Тоғызқұмалақтан жарыстар көп өткізілсе, балалар шыңдалып, дамиды. Болашақта бұл ойын үлкен деңгейге көтеріледі деп ойлаймын. Себебі зияткерлік ойын қашанда сұраныста болады.
-Бөрлі ауданында жеткен үлкен жетістігіңіз туралы айтып кетсеңіз.
-Қандай жарыс болмасын біз үшін ол үлкен жетістік. Әр баланың дамуы үшін біршама уақыт керек. 5 жыл ішіндегі ең үлкен еңбегім Азария Хамидулина деген шәкіртім. Осы жылдың 6-18 наурыз аралағында Павлодар қаласында өткен 21 жасқа дейінгі жастар чемпионатында Азария жеңімпаз атанды. 13 жасар қызымыз өзінен үлкендермен ойнап, тұңғыш рет Бөрлі ауданының, Қазақстанның чемпионы атанды. Азария тоғызқұмалақтан Бөрлі ауданынан шыққан тұңғыш спорт шебері, облыстан чемпиондарға берілетін арнайы шәкіртақыны алып отыр. Қазіргі таңда ауданда 1 спорт шебері, 10 шақты спорт шеберіне үміткер бала бар. Алдағы уақыттағы мақсатым Азарияны Азия және Әлем чепионатына әзірлеу. Біз аудандық жарыстардан бастап, қазір міне ел чемпионатында еңсердік. Сонымен қатар Абылай Маметан деген шәкіртім бар. Ол Қазақстанның үш дүркін чемпионы, облыстың бес дүркін чемпионы. Ең алғашқы Қазақстанның чемпионы болған шәкіртім Саида Тудахунова. Кішкентай қызымыз 2021 жылғы Қазақстанның чемпионы, спорт шеберіне үміткер. Сонымен қатар Диас Төлеуғалиев, Талант Болат, Ислам Төлеуғали, Меруер Жоламанова, Айжан Уалиханова, Қайсар Төлеуғали деген шәкірттерім бар. Күні кеше Сырым ауданында өткен БҚО-ның чемпионатында 9 жасар Қайсар Төлеуғали чемпион атанды. Бірқатар шәкірттерім келесі айда Қарағанды қаласында өтетін жарысқа жолдама алды. Шәкірттерімнің арасында облыс чемпиондары да бар. Оларда алдағы уақытта Қазақстанның чемпионатына қатысып, алдыңғы қатардан көрінеді деген ойдамын. Қазіргі таңда тоғызқұмалақ әлемге танылып жатыр. Шәкірттерімнің бәрін де әлем чемпионатына қатысып, жүлделі орындар алғанын қалаймын. Шәкірттеріме үлкен үміт артамын. Алдағы уақытта барлық шәкірттерімде осындай жетістіктерге жетеді деген сенімдемін.
-Сұхбат бергеніңізге рахмет!
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz