29.09.2020, 16:20
Оқылды: 114

Әлдінің жеткен жеріне заңның күші жете ме?

Ағымдағы жылдың наурыз айында бір ауылдың балалары айдың күні аманда бір бірімен төбелесіп, соңы өліммен аяқталды. Қанды оқиға барша аудан халқын елең еткізді. Қызыққа толы студенттік өмірге енді аяқ басқан жас балалар мен өмірде өз орындарын тауып, ауылда еңбек етіп жүрген жігіттердің  арасындағы өшпенділік әлімжеттіктің салдарынан болғаны белгілі болды. Бір ауылдың балалары дегенде бір үйдің балалары елестейтін. Әсіресе жырақта жүргенде туған ауылыңның адамын көрсең, тумаңды көргендей қуанасың. Алайда ауданда болған оқиға аталмыш сезім бәрінде бірдей болмайтынын ұғындырды.

 Әлімжеттік 2

Дәл осы оқиғадан соң ойыма Сайын Мұратбековтың «Қыдырман Тойтық» әңгімесіндегі Байдалы шал мен Қыдырман тойтықтың  Қанатқа көрсеткен қорлығына, қанаттың «Көзіме ып-ыстық жас құйыла берді, өзіме-өзім тығылып, не істерімді білмей қыстығып тұрмын. Кімге барарсың, кімге шағынарсың? Егер балалар зорлық жасаса, үлкендерге барып жасауға болатын еді. Ал үлкендердің өзі қорлық жасаса кімге шағынарсың? Сонда бұл дүниеде әлдінің әлсізге өстіп қиянат жасауынан тұрғаны ма?» деген жолдары еріксіз оралды.

Буллинг туралы естігеніңіз бар ма? Аты әдемі болғанымен, заты мүлдем басқа. Әлімжеттік, бопсалау әлем елдерінде «буллинг» (bullying) деп аталады екен. Ағылшын тілінен аударғанда мазақ ету, қорқыту деген мағынаға ие. Педагог мамандар мектеп кезіндегі әлімжеттікке қантөгіске толы фильмдер мен компьютерлік ойындарды кінәлап жатады. Көп жағдайда бопсалауға ұшырағандар ата-анасына болған жағдайды айтуды ар санайды екен. Соның салдарынан ірілі-ұсақты қаншама оқиғалар жабулы күйінде қалып жатқаны белгісіз. Әсіресе мектеп қабырғасында алған моральдық соққы жасөспірімнің келешек өміріне әсер етуі мүмкін. Бұл олқылықтың орнын қалай толтырамыз?

Кәсіби мамандық иеленіп, адал еңбекпен тыныш тірлік кешудің орнына адамдарды қорқытып, ақша бопсалау арқылы өмірді алшасынан басқан бұзақылық топтар еліміздің барлық өңірінде кездесетіндігін күнделікті хабарлардан көрудеміз. Оларды кім орнына қояды? Заң ба әлде уақыт па?

Гүлнара Сабырғалиева,

Е.Ниетқалиев атындағы орта мектеп психологі:

- Соңғы кезде жастар арасындағы әлімжеттік көп орын алса, соның ішінде, мектептегі оқушылар арасында бұл жағдай қоғамды алаңдатып, үлкен мәселеге айналуда.  Бүгінде балаларды теледидар мен компьютер, интернет тәрбиелеп жатыр десек, қателеспейміз. Тіпті, зорлық-зомбылықты насихаттайтын кейбір фильмдер, құмарлы ойындармен қатар бірін-бірі ұрып-соғумен дөрекі сөздерге толы мультфильмдер де балалар мен жасөспірімдердің санасына кері әсерін тигізері анық.

Әлімжеттік «әсіресе» мектепте көп орын алады, өйткені мектеп жасындағы балалардың даму кезеңінде үлкен өзгерістер болады. Соның бірі – ұл балалардың әлеуметтенуі, ер азамат ретінде, жігіт ретінде қалыптасуы. Осы кезеңде, яғни 11 мен 14 жас аралығында балалардың физикалық жағынан күштілері әлсіздерге әлімжеттік көрсетеді. Бұл – әлімжеттік көрсеткен баланың әлсіздерге күш көрсету арқылы өзін сол ортада мықтылығын дәлелдей алуы. Сонымен қатар қазіргі заманның балалары уақытының көп бөлігін компьютер алдында өткізгендіктен, адамдар желі арқылы да қорқыту әдістерін іске асырып, соңғы кезде әлеуметтік желілер арқылы да әлімжеттік көрсетіліп жүргенін байқап жүрміз. Өкінішке орай, әлімжетттікке ұшыраған жеткіншектер оны ата-анасына айтуға ұят санайды, олардың арасында «іштегі орын алған нәрсені сыртқа шығаруға болмайды» деген қасаң қағида бар. Айтсаң, қатардан шектелесің. Моральдық тұрғыдан жапа шегіп, әлімжеттіктен, күнделікті бопсалаудан мезі болған бала амалсыз теріс жолға түсіп, өзіне қол жұмсауы да мүмкін. Бұл – алаңдатарлық жағдай.

Ал бұл әлімжеттікті қалай алдын алуға болады? Әрине, бұл сұрақтың жауабы - бала тәрбиесінде. Ата-аналарға талап қойып, балалардың тәртібіне ерекше көңіл бөлу керектігін ескертеміз. Мінезі ауыр, мектептегі тәртіпті жиі бұзатын немесе келеңсіз отбасында тәрбие алып жатырған балаларды қосымша үйірмелер мен секцияларға тартып, оқушылардың бір-бірін түсініп, бауыр басып кетудің жолын іздеу керек. Олқылықтарды болдырмау үшін жасөспірімдермен көптеген тренингтер өткізген де өз пайдасын беред

Еділ Бекжанов,

Қ. Сәтбаев атындағы ҚАЗҰТУ-дың 4 курс студенті:

- Әлімжеттіктің түп тамыры қайдан шықты? Қайдан пайда болды? Қазақ даласын алатын болсақ, 19 ғасырдан кейін аласапыран уақыт басталды да, дін, ілім, тәрбие кете бастады. Содан надандықтың бір тамыры «әлімжеттік» етек жайды. Қазір осы тақырып төңірегінде мектеп қабырғасынан бастап, тәрбие сағаттар, семинарлар өтуде. Оның жазасы, зияны туралы бәрі біледі. Бірақ сонда да бұл індет жойылмай тұр. Менің ойымша, еш қиындық көрмей өсіп жатқан қазіргі жастар намыс, ар-ұят, күш-жігер деген ұғымдарды басқаша түсінеді. Өздерінен әлсіз адамдарға күш көрсетудің өзін мықтылыққа балайтындар бар. Сайып келгенде бәрі бала кездегі тәрбиеге тіреледі. Кішкентайынан  балаға кішіге қамқор болу, әлсізге көмек беру сынды қарапайым дүниені миына құйып өсіру керек. Өскенде ол бала мұндай жат қылыққа бармас еді. «Балаңды аясаң- аяма» дейді қазақ халқы. Яғни ұрпағыңды кішкентайынан еңбекке баулудың өзі зор тәрбие. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық азыдырар адам баласын» деп Абайдан артық айтпаспыз.Айтайын дегенім қоқан-лоқы көрсететін азғындардың көбі мақсаты жоқ жалқаулар. Әлімжеттік бос уақыты көп адамдар тарапынан болады.  Тарихты үңілсек, бұрынғылардың сыйластығы ойландырады. Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал өзі келіп хал сұрасады деп осыдан айтқан ғой.

Студенттер арасында бопсалау қазір азайған. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, болашақта көзі ашық, мақсаты айқын, білімді, сауатты ұрпақ көбейіп, әлімжеттік түп тамырымен жоғалады деп үміттенемін.

Ақерке Жолдыбаева,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 4 курс студенті:

Әлімжеттік – басымдықты байқату. Әлдінің әлсізге көрсеткен қоқан-лоқысы. Қазіргі қоғамда бұл тансық емес. Бұны індет деуге де болады. Ол баланың отбасындағы тәрбие мен адамның өз ортасына да байланысты. Бала ата-анадан жеткілікті махаббат ала алмаған кезде немесе отбасында қысым көргенде оны сыртта өзі жасайды. Мектеп жасында бала толықтай ата-ананың бақылауында болу керек. Көбіне ата-ананың салғырттығы қоғамда осындай келеңсіз жәйттің туындауына әкеп соғады. Мұндай мәселенің алдын алу үшін тәрбие, тәртіп және психологпен жұмыс істеу керек.

Тимур Асқарұлы,

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ІІІ курс студенті:

- Өзінен әлсізге күш көрсету опасыздық деп санаймын. Алайда әлімжеттікті ер азаматтардың көпшілігі көрді десем артық айтқаным емес. Мектеп қабырғасында жоғары сыныптың оқушылары үлкендіктерін білдіріп қоятын. Кейін студент атанғанда да жатақханадан І курста шет жағасын көрдік. Әскерге барып келген замандастарымнан да естіп жатамын. Өзімдікі жөн деп өзгенің сөзін өрге бастырмайтын менмендікпен ешкім өсіп кетпейді. Мен де жоғары курсқа аяқ бастым, бірақ өзімнен кіші студенттерді бопсалап немесе ақша сұрап көрмедім. Керісінше оларға көмектесіп, бағыт бергім келеді. Дүниеде екі түрлі еркек еркектердің сорлысы, олар – әйелге қол көтеретіндер мен өзінен кішілерге әлімжеттік көрсететіндер!

 

Әсемгүл Әбділда,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале