Көптен күткен сәуірдің ақ таңдарының да кезеңі келді. Жүректерге – жылу, көңілдерге қуаныш сыйлайтын көгілдір көктем де құшағын кеңінен ашады. Жасаратын табиғаттың сәні болатын жастық шақ пен жасыған дүние болады емес пе?!
Әңгімемізді ересек бала мен есейген құлын жайлы өрбітпекпіз.
Алдияр Сайын - Шыңғырлау ауданына белгілі жас палуан. Облыстық дарынды балаларға арналған спорт мектебінің тәрбиеленушісі, дзюдо, самбо, қазақша күрес секілді қазақтың қанына жақын спорт түрінен спорт шеберлігіне үміткер. Күрестен облыс чемпионы, аймақтық, республикалық жарыстардың жүлдегері.
Ал «Тақсыр» ше? Ол болса, әкесі Қайсардың баласына арнап алған бәсіре құлыны болатын. Биыл құнан шықты. Төрт аяғын тең басқан күрең қасқаның дәл өзі. Арғы тегі – көшпелі қазақы жылқы. Биылдың өзінде аудандық құнан бәйгесінен олжа салды. Алғашқыда мәреге екінші болып келсе, жақында 9 шақырымдық құнан бәйгеде топ жарып, жеке дара келді. Бабы мен бағының келіскені осы болар.
Жалпы халқымыздың жеті қазына деп дәріптейтін ардақты ұғымында ер жігіт пен жүйрік аттың қатар аталуы да тегін емес, заңды құбылысқа саяды.
«Әр шаңырақта жылқы болғаны дұрыс деп ойлаймын. Балама арнап осы құнанды құлынында алғанмын. Әкеміз Сайын ағам Салауат екеуімізді кішкентайымыздан атқа мінгізіп өсірді. Сондықтан да жылқының бабын, бағуын бір кісідей білемін. Алдиярым да сондай атқа мінетін азамат болсын деп ойлаймын,» - дейді салмақты қалпын жоғалпайтын Қайсар ініміз.
Бәрекелді, осылай болғаны оң деп ойлаймыз.
Қобыландының Тайбуырылы, Алпамыстың Байшұбары, Төлегеннің Ақбозаты, Махамбеттің Таланы, Исатайдың Ақтабаны болғанда, Алдиярдың Тақсыры неге болмасқа?!
Ереулі атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Қоңыр салқын төске алмай...
Ерлердің ісі бітер ме? - демеп пе еді Махамбет бабамыз. Ат - ердің қанаты. Атқа мінген бала өзіне сенімді, рухы асқақ, батыр болып өседі. Алмағайып заманда бізге батыр ұлдар мен батыл қыздар аса қажет.
Ендеше, ата дәстүрді ардақтап атқа мініп аруақтанып, жылқы баптап, жарқырап жүрейік, ағайын!
Адақ Шотпанов,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz