Барыс жылы ережесіз жекпе-жек жанкүйерлері үшін сәтті басталды. Бұл сөзімізге күні кеше жерлестеріміздің алты құрлықты аузына қаратқан Әбу-Дабидегі жеңісі дәлел. ММА-ден өткен бәсі биік бәсекеге жер жаһанның елу алты елінен төрт жүзден астам спортшы қатысты. Ол додаға қырық екі қазақстандық жиырма тоғыз салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен. Ұлттық құрама сапында ел мақтанышына айналған дарияндық Карина Сисенова бой көрсетіп, әлем чемпионы атанды.
Бүгінде спортшылар елге оралып, туған жермен қауышты. Батыс Қазақстан спортшыларын облыс орталығындағы Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежайдан қарсылауға біз де бардық. Күллі әлемді аузына қаратқан жекпе-жек шеберлерін күтіп алушылар қарасы қалың болды. Жеңімпаздардың жақын туыстарынан бастап, дос-жаран, әріптес серіктері мен жаттықтырушылар тегіс жиналды. Барлығы да тарихи сәтті текке жібергісі келмегендей.
Карина мінген ұшақ жерге қонып, әлем чемпионымен жүздесер алдында жеңіске септігін тигізген жандармен тілдесудің сәті түсті.
Жиналған жұрт арасынан жүзі жылы, құшағына гүл толтырып құттықтаған әр жанның бетінен сүйе құшағына қысқан Каринаның анасы бірден көзге түсті. Бәйгеге шапқан баласының тілеуін тілеп, үйде отырып тақымын қысқан Елік Сисенованың қуанышында шек жоқ. Ана жүрегі баласының осынша биік тұғырдан көрінетінін алдын ала сезгендей. Содан бұлар кішкентайынан спортқа жаны құмар Каринаның бетінен, белін буып, үнемі қолдау білдіріп отырған.
-Карина кішкентайынан спортты сүйді. Ең алғаш самбо күресіне қатысты. Артынша ММА-ға жүрегі бұрды. Қызымның қай шешіміне болмасын үнемі қолдау білдіріп отырамын. Қыз балаға онша жараса бермесе де өзі ұнатып тұрған соң бетін қақпадым,- дейді анасы Елік Сисенова.
Карина Сейсенова бала күнінде Теректі жерінен ауданға қарасты Дариян ауылына қоныс аударып, мектеп табалдырығын осы жақтан аттайды. Аралас жекпе-жек өнеріне бет бұрмас бұрын, самбо күресімен айналысқанын жоғарыда атап өттік. Спортқа жаны құмар қыздың алғашқы бапкері Наурызбек Сапиев.
Өсе келе Карина ММА-ға қызуғышылық танытады. Дәлірек айтсақ, он төрт жасында ережесіз жекпе-жекпен жүйелі айналыса бастайды. Білікті бапкер Руслан Арыстановтан тәлім алып, бүгінде әлем чемпионы атанды.
-Каринаның жеңісіне сеп болған жаттықтырушыларына көп-көп рахмет. Бүгінгі жеңістің себепкері осы кісілер. Баршаңызға ризамын, - деді Елік Сисенова.
Бойында биязылықпен қатар батырға тән батылдық бар Карина алдына қойған мақсатына жетпей қоймайды екен. Қайсарлығы мен табандылығы оны әлем чемпионы етті.
Расымен, бүгінгі жетістігінің бірден-бір себепкері қайтпас мінезі. Әйтпегенде кей ер азаматтардың тісі батпайтын аралас жекпе-жек жүгіне нәзік жанның төзуі оңай ма? Былайғы жұрт жұмыр жұдырық тимек түгілі, байқаусызда сызылған сызатты жыр қылады. Ал Карина босаңсу дегенді білмейді. Осындай батырға тән мінезінің арқасында бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп, нәтижесін көргенді жаны сүйеді.
Тумысынан салмақты, қай дүниені де сөзбен емес іспен дәлелдейтін немересінің қайсарлығын әжесі де мақтан тұтады.
-Мінезі салмақты. Табандылығы мен қайсарлығы бұған ұштаса біткен. Бастапқыда бұл саған неге керек деп шошынғанымда «Әже, уайымдама, мен ММА- дан әлем чемпионы боламын» деді. Ақ батамды беріп, жаттығуына қарсылық білдірмедім. Сүйінші хабар келіп, төбеміз көкке жетті, - деді қуаныштан көз жасын жасыра алмаған чемпион қыздың әжесі Назира Сисенова.
Карина Сисенованың дайындығына ешкімнің таласы жоқ екен. Әжесінің сөзінше, ол жаттығуды түн ортасына дейін жасайды екен. Жеңіске жету үшін көп еңбектеніпті.
Чемпионның дайындығының жоғары деңгейде болғанын жаттықтырушысы Руслан Арыстанов та растады.
-Каринаны мен он төрт жасынан бері жаттықтырамын. Бұдан бұрын көптеген облыстық байрақты бәсекелерде бақ сынап, жеңімпаз атанды. Елішілік, халықаралық бәсекелерде де атой салды. Тынымсыз еңбегінің арқасында ұлттық құрама сапына ілікті. Енді, міне, өз арманына жетті, - дейді жаттықтырушысы Руслан Арыстанов.
Сонымен қатар жаттықтырушысы Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында өткен жарыс жайлы айтып өтті.
-Карина бәсекеде үш жекпе-жек өткізді. Алдымен чехиялық Ева Кубикова қапы қалдырса, артынша отандасымыз Динара Аяпованы тізе бүктірді. Ал финалдық кездесу ирландиялық Кия О'Салливанмен өтті. Ең қиын кездесуде осы болды. Екі раунд бойы таразы басы тең болып тұрған еді. Шешуші кезеңде Каринаның күші басым түсіп, жеңімпаз атанды, - дейді Руслан Арыстанов
Енді аздап демалып алған соң дайындықты күшейте түсетіндерін айтқан бапкер алдағы додаларда намысты қолдан бермеуге тырысатындарын жеткізді.
Осы аралықта чемпион қыз мінген ұшақ жерге қонды. Ел абыройын асқақтатып, жанкүйер үмітін ақтаған Карина Сисенованы қарсылап алған жандар қиқуға қиқу қосып, жеңімпазға лайықты құрмет көрсетті. Тіпті алдағы рейске асыққан жолаушылар да тоқтай қалып, қол шапалақтап, Каринаға "жарайсың" деп жатты. Спортшыны көрген кезде «мен чемпионмын» деп мұрнын шүйірген мінезді байқамадық. Күлімсіреп ортаға қосылды. Қарапайымдылығы басым екен.
– Өңім бе, түсім бе әлі ажырата алмай жүрмін. Өзімді Әбу-Дабиге енді баратындай сезімде жүрмін. Алдағы жоспарларым жайлы әлі ештеңе айта алмаймын. Бәрі уақыттың еншісінде, – дейді БАҚ қызметкерлеріне берген шағын сұхбатында әлем чемпионы.
Бауыр еті баласын көргенде ана жүзі нұрлана түсті. Туған күнімен қатарласа келген қуанышты тойламаққа бас қосқан бұқараны үйіне шақырып, қонақжайлық танытты.
Жиын соңында ММА-дан облыстық федерация басшысы Армат Бисенов жаттықтырушыларға ризашылығын білдіріп, жеңімпаздарды шын жүректен құттықтады.
Естеріңізге сала кетсек, жастар арасында өткен жекпе-жектерде ұлттық құрама қоржыны екі алтын, төрт күміс, алты қоламен толықты. Екі алтын жүлденің бірінің иесі дарияндық жас спортшы Карина Сисенова.
Үлкен жетістікке өзінің еңбегі арқасында жеткен чемпион қыздың еңбекқорлығы көпке үлгі.
Назерке Сыйлыбай,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz