Бір ай бұрын Жәнібек аудандық «Жәнібек» спорт клубында кәсіпкер, спортқа жаны жақын Есенжан Елемесовтың демеушілігімен «Әлем CUP» турнирі басталған болатын. Додада топ бойынша ақ тер, көк терге түсіп, топтан шығуға келгенде жанталасқан мекеме қызметкерлері турнир тартысын үдетті.
Апта сайын спорт клубының іші футзалдың дүбірімен жанданып, жаңара түсті. Тіпті жанкүйерлер де бір ойынды қалт жібермей, көрермен орнын лық толтырды. Турнирге аудан әкімдігі, аурухана, шекара, полиция бөлімі, мәдениет қызметкерлері, балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Т. Жароков атындағы мектеп, №1 мектеп-лицейі, М. Ықсанов атындағы Жәнібек колледжі, «Альянс», «Құтқарушылар», «Жәнібек СК» командалары мен жеке кәсіпкерлерден құралған топтар қатысып, ойын сайын кіл мықтылары іріктеле берді. Кеше финалдық ойын өтіп, үздік үштік анықталды.
Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының орынбасары Берік Испенбетов, №21 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Жақсылық Есентаев, турнирдің бас демеушісі Есенжан Есболұлы жүлдегерлерді марапаттады.
Жүлделі 3-орынға №1 мектеп-лицейі лайық деп танылса, 2-орынды шекара шебіндегі жігіттер еншіледі. Ал «Құтқарушылар» командасы жеңімпаз атанды.
Турнирдегі спортшыларға жүлделі орындармен қоса аталымдар берілді. «Жәнібек» спорт клубы директорының міндетін уақытша атқарушы Жандарбек Жайлыбай «Үздік ойыншы» аталымын Мерлан Нұрмақовқа, «Үздік қақпашы» аталымын Дәурен Өтешевке, «Үздік қорғаушы» аталымын Ермахан Мұратқалиевке, «Үздік шабуылшы» аталымын Роман Жанұзақұлына табыстады.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz