22.11.2023, 17:30
Оқылды: 52

Әлемдік додалардың жүлдегерлеріне ақшалай сыйлық табыс етті

Бөрлі ауданы әкімі Еркебұлан Ихсанов ауданның атын шығарып, әлемдік додаларда еліміздің көк байрағын желбіретіп жүрген жерлес спортшыларымызды қабылдады.

2

Аудан басшысы екі дүркін әлем чемпионы Мәлік Мұқашев, бүкіләлемдік жауынгерлік ойындарының жеңімпазы Темірлан Көлбай және бүкіләлемдік жауынгерлік ойындарының қола жүлдегері Әділбек Сеисовтарды қабылдап, жеңістерімен құттықтап, демеушілердің атынан ақшалай сыйлық табыс етті.

8

Аудан әкімінің қатысуымен болған кездесуге аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов, аудандық мәслихат төрағасы Қайрат Ермекбаев, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Исатай Қарабаев, «Ақсай» мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорт кешенінің директоры Бауыржан Мухтубаевтар қатысты.

Биыл 21-25 қыркүйек күндері Мексика мемлекетінің Веракурс қаласында пратаеквондодан өткен Әлем чемпионатында Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшесі, БҚО спортшысы, жерлесіміз К-41 категориясы, 80 келі салмақ дәрежесінде Мәлік Мұқашев чемпион атанған болатын. Чемпионның жаттықтырушысы Ербол Мергалиев.

Сонымен қатар 20-30 қазан күндері Сауд Арабиясының Ар-Рияд қаласында Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындары өткен болатын. Әлемдік бәсекеде жерлесіміз Темірлан Көлбай спорттық самбодан +88 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанса, 64 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Әділбек Сеисов қола жүлдеге ие болған еді.

Жерлес балуандарымыздың жаттықтырушысы Қасым Қаженов.
- Бүгін аудан әкімі спортшылардың басын қосып, құттықтап, алғыстарын білдірді. Біз жеңсек те, жеңілсек те әрқашан қолдау көрсететін біздің ата-аналарымыз бен бапкерлерімізге және аудан басшылығына үлкен алғысымызды білдіреміз. Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарында менің жеңісім Қазақстан құрама командасының қоржынына түскен алғашқы алтын болып есептеледі. Еліме, туған жеріме осындай жаңалықпен келгеніме өте қуаныштымын. Жарыстың ең бірінші күні самбо күресінен басталды. Бұл 4 жылда бір рет болатын жарыс. Мен үш белдесу өткіздім. Жарыс кезінде Индия, Латвия және финалда сербиялық палуандармен кездестім. Әрине, жарысқа жеңемін деп келесің. Әр спортшының алдына қойған мақсаты болады. Олар жарысқа өз еңбегін ақтау үшін барады. Дайындалған еңбегіміз зая кетпей, туымызды әлемдік жарыста желбіретіп келгенімізге өте қуаныштымын, - дейді Темірлан Көлбай.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале