8.03.2026, 11:00
Оқылды: 18

Әлемі әдемі жандармен жүздесу

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжанов түрлі салада еңбек етіп, Бәйтеректің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген арулармен кездесті. Басқосуға мемлекеттік қызмет, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, қоғамдық-саяси, кәсіпкерлік салаларында еңбек етіп жүрген әйелдер қатысты.

image-07-03-26-01-11-4

– Баршаңызды 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Өмірімізде ананың, жардың, апа-қарындастарымыздың, қыздарымыздың орны әрдайым ерекше. Қай саланы алсақ та, әйелдердің еңбегі мен үлесі айрықша. Әр шаңырақтың берекесі мен ырысын арттырып, отбасының жылуын сақтап отырған да – аналарымыз. Әйел заты – даналық пен мейірімнің, сабыр мен парасаттың үлгісі. Бүгін өздеріңіздей еңбекқор әрі белсенді жандармен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. «Әйелдің қырық жаны» бар демекші, сіздер отбасында да, қызметте де үлкен жауапкершілікті қатар алып жүрсіздер. Бала тәрбиелеп, қоғамға қызмет етіп жүрген еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман, ел игілігі жолындағы қызметтеріңіз табысты болсын, – деді Марат Лұқпанұлы.
Еркін форматта өткен басқосуда арулар өздерін таныстырып, отбасы, қызметі, жетістігі туралы айтып, нәзік жандыларды мерекемен құттықтап, өздеріне құрмет көрсетіп жатқан аудан басшылығына алғыстарын білдірді. Мәселен, «Ауыл тынысы» газетінің ардагері болған, марқұм Николай Анципровичтің жалғыз келіні Алма Жұбандыққызының Переметный орта мектебінде мұғалім болып еңбек етіп келе жатқанына қырық жылдан асқан екен. “Өз мамандығымды ерекше жақсы көремін,-деді ол.- Себебі, еңбегіңнің нәтижесін шәкірттеріңнің жетістігінен көресің. Оқушыларымның алды еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, тәуелсіздігімізді баянды етуге үлестерін қосып жүрсе, қазіргілері түрлі білім бәйгелерінде топ жарып, әсіресе республикалық ғылыми жобалар байқауларында жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл – ұстаз үшін үлкен мақтаныш. Мерекеге орай аудан әкімімен кездесуге шақырылғанымды естігенде ерекше толқыдым. Бүгін Бәйтеректің бетке ұстар аруларымен бірге осындай жүздесуде отырғаныма ризамын”.

image-07-03-26-01-11-3
Белес ауылынан келген «Зере тәттілері» ЖК-ның жетекшісі, бес баланың анасы Гүлбақыт Қуанышқалиева өзінің кәсіпкерлік жолы туралы баяндады. Сырым ауданының тумасы болып табылатын оның айтуынша, 2018 жылы отбасымен Белеске қоныс аударған соң кәсіп бастауға ниеттеніп, қай бағытта еңбек етуді ойлап көп ізденген. Белестіктер сүтті бағыттағы сиыр ұстайтындықтан жент дайындап сатуға ниеттенеді. Сөйтіп «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқып, инновациялық грантты жеңіп алып, 2019 жылы жеке кәсібін бастаған. Бүгінде жентпен қатар ірімшік, құрт сияқты табиғи өнімдерді де көпшілікке ұсынып жүр. Болашақта қант диабетімен ауыратын адамдарға арналған, денсаулыққа пайдалы өнім түрлерін шығарғысы келеді. Аудан, облыстың атынан түрлі көрмелер мен іс-шараларға тұрақты түрде қатысып келеді. Соның ішінде “Ұлттық өнімдер” көрмесінде өңір намысын қорғап жүргеніне риза. 2023 жылы өткен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпазы атанып, өнімдерін шетел нарығына да шығара бастаған.
– Болашақта өнімдерімді «Белес» атауымен танытсам деген арманым бар. Өмірде мені қолдаған, маған сенген барша жанға, соның ішінде ауыл, аудан, облыс басшылығына алғысымды білдіремін. Осындай кездесуге келгеніме қуаныштымын. Еңбектеріңіз жемісті болып, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыс тілеймін, – деді Гүлбақыт Ғайсақызы.
Кездесу одан әрі «Нәзіктік пен сұлулықтың салтанаты» атты мерекелік концертке ұласты. Аудандық мәдениет үйінде болған, көктемнің шуақты мерекесіне арналған іс-шара аудан тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады. «Көктем балы» вальсімен басталған мерекелік кеште жүрекжарды құттықтаулар айтылып, әйел затының қоғамдағы және отбасындағы ерекше орны атап өтілді. Мұнда да сөз алған аудан басшысы әженің, ананың, жеңгенің, келіннің, қыздың қоғамдағы рөліне тоқталып, жиналған нәзік жандыларға әйел бақытын тілеп, түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген бірқатар азаматшаларды марапаттады.

image-07-03-26-01-11-1
Кеш барысында аудан өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдар көрермендерге әсерлі ән мен әсем би тарту етті. Залда отырған ер азаматтардың аналарға арналған әнді орындарынан тұрып, жанды дауыста орындауы әсерлі шықты. Жалпы, көрсетілген құрмет пен қошеметтен, мазмұнды концерттік бағдарламадан әсер алмаған нәзік жандылар болған жоқ.

Салтанат Зұлқарнаева

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале