Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезектен тыс ІХ-шы сессия отырысы өтті.
Күн тәртібінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының жәйі туралы аудан әкімінің есебі, оқушылар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу бойынша аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жұмысы туралы, мемлекеттік мекемелердің жылыту маусымына дайындық жұмыстары, 2023 жылы Сырым ауданының ауылдық елдi мекендеріне жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдық округтер әкімдері аппаратының мемлекеттік қызметшілеріне көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау көрсету туралы баяндамалар жасалды.
Мәслихат төрағасы Шынар Дүйсенғалиева төрағалық еткен сессияда аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов есепті баяндама жасады.
Алдымен аудан әкімі негізгі көрсеткіштерге тоқталып өтті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 359,8 млн.теңгені құрап, былтырғы көрсеткіштен 46% өсіп отыр.
Аудандағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2023 жылдың 1 тамызына 1 млрд. 921 млн.теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 111,1% өсті.
Аудан экономикасының негізін ауылшаруашылық саласы құрайды. Соның ішінде, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану, сүт белдеуін қалыптастыру, сапалы әрі толық көлемде мал азығын дайындау, мал азығы егісін ұлғайту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішкі сұранысын толық көлемде өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету және «Ауыл аманаты» бағдарламасын кең көлемде насихаттау және жүзеге асыру болып табылады.
Ауданымызда қазіргі уақытта 441 шаруашылық құрылымдары мал өсірумен айналысуда. Соның ішінде асыл тұқымды мал өсіруші шаруашылықтар саны 55 (8391 бас) болса, 49 ШҚ ірі қара өсірумен, 5 ШҚ ұсақ мал, 1 шаруашылық жылқы өсірумен айналысуда.
Биылғы жылы 6 шаруа қожалығы және 2 ЖШС-гі 742 бас асыл тұқымды малдарын сатып алып келді.
Ағымдағы жылдың есепті кезеңіне мал шаруашылығы өнімдерін субсидиялау бойынша ауданымыздың 153 шаруа қожалықтарына жалпы 353,6 млн.теңге субсидия төленіп, 14 ШҚ лизинг арқылы және қолма-қол қаржыға 25 дана әр-түрлі ауыл шаруашылық техникалары алынды.
Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатында мемлекеттік меншікке 2019-2022 жылдары барлығы 91 176 гектар, соның ішінде өткен жылы 17 651 га жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
«Ауыл аманаты» жобасын аудан көлемінде іске асыру бағытында ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде скрининг жүргізілген болатын. Қазіргі уақытта аудан бойынша 960,5 млн. теңгені құрайтын 134 тұрғынның өтінімдері қабылданып, 18 несие алушыға 180 млн 775 мың теңге қаржы аударылды. Жаңадан 20 жұмыс орны ашылады.
Аудан әкімі Жұмагелді Жолдыбайұлы одан әрі депутаттар алдында құрылыс, коммуналдық сала, әлеуметтік, мәдениет, білім, денсаулық саласы, қоғамдық тәртіп бойынша нақты деректер келтіре, тоқталды.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz