14.04.2017, 15:17
Оқылды: 55

«Әлеуметтік экспрестің» сапары

????????????????????????????????????

  Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі өзгерістер туралы азаматтардың хабардарлығын арттыру, ауылдықтардың әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Әлеуметтік экспресс» мобильдік қызметі Ақжайық ауданының Ақжол және Алмалы ауылдық округтерінде болды.


   Елбасы Жолдауына сай, еңбек нарығын жаңғыртудың, кәсіпкерлікті жаппай дамытудың өңіріміз бен аудандағы жай-күйі жайында осында басым әңгімеленді. Тұрғындар алдында жұмыспен қамту орталығының директоры Бақтыгүл Ержанова «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін түсіндірсе, жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы Мәншүк Байбарақова 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек туралы баяндады. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің БҚО бойынша департаментінің маманы Эльмира Бауедин зейнетақы жүйесіндегі өзгертулерді әңгімеледі.

   Тұрғындардың көптеген сұрағына орай, мына мәселе мен міндеттер қамтылды: Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа форматтағы бірыңғай жәрдемақы − атаулы әлеуметтік көмек енгізілетін болады. Жәрдемақы табысы аз отбасыларға арналған қолданыстағы үш әлеуметтік төлемді біріктіреді, бұлар: төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек (АӘК).

   Жаңа форматтағы АӘК табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан төмен отбасыларға отбасында еңбекке қабілетті мүшелерінің болуын ескере отырып, сондай-ақ олардың міндетті түрде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің шараларына қатысуы шартымен көрсетілетін болады. Аталған кездесуде еліміз бойынша Ақжайық ауданы біріншілер қатарында қолға алған, яғни ақшалай көмек арқылы жұрттың малдануына, қалаулы кәсіптерін ашуына мүмкіндік әкелген «Өрлеу» жобасы жайында айтылды. АӘК-тің жаңа форматы еліміздің өңірлерінде «Өрлеу» пилоттық жобасы аясында 2014 жылдан бастап шартты ақшалай көмекті көрсету түрінде жүзеге асырылуда. Мұндағы негізгі рөл табысы аз отбасыларды анықтау мен ақпараттандыру және АӘК-тің жаңа форматына тарту, табысы аз отбасылардың белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартын жасау және осындай отбасыларды әлеуметтік қолдау міндеттері жүктелген жұмыспен қамту орталықтарына беріледі.

  «Бастау Бизнес» жобасы бойынша ауданда кәсіпкерлік негіздеріне оқытудың қалай жүріп жатқаны туралы да сөз болды. Оның дәрістеріне қатысуға барлық кәсіпкерге немесе өз ісін бастағысы келген тұрғындарға есік ашық.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале