5.05.2023, 20:53
Оқылды: 121

Әлеуметтік кодекс – әлеуетті арттыру жолы

Өткен апта соңында облыстан келген арнайы түсіндіру тобының өкілдері ауданымыздағы ардагерлер, аналар, мүгедектігі бар тұлғалар кеңесінің мүшелері, асыраушысынан айырылған адамдар, көпбалалы отбасылар және әлеуметтік салаға жауапты мамандармен жүздесіп, ҚР Әлеуметтік кодексіне енгізілетін жаңашылдықтарды баяндады.

IMG-20230505-WA0158

Жиында алғаш болып сөз алған еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Гүлнар Орынтаева жаңа әлеуметтік саясат Мемлекет басшысы жариялаған ауқымды өзгерістердің маңызды бөлігі саналатынын айтып,  ҚР Әлеуметтік кодексінің негізгі бағыттарына тоқталды. Бес бөлім, 21 тараудан тұратын әлеуметтік кодексте, біріншіден, мемлекеттік әлеуметтік    қолдау жүйесінің  парадигмасын түбегейлі өзгерту ұсынылған. Яғни,  ол әлеуметтік сын-қатерлердің салдарын   жоюға    емес,   керісінше,   өмірлік қиын жағдайлардың алдын алуға бағытталады. Екіншіден, әлеуметтік саланы цифрландыруды тереңдету. Соның нәтижесінде    әлеуметтік қолдауды бүгінде  өтініш беру нысанынан мекен жайды анықтау және проактивті форматта көрсету жүйесіне көшу қарастырылған. Үшіншіден, азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру бойынша жауапкершілік тек мемлекетке ғана емес, сондай-ақ жұмыс беруші мен азаматтың  өзіне де жүктелетін болады. Бұл жаңа әлеуметтік келісім шарт негізінде    жүзеге аспақ. Төртіншіден, әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту нәтижелі және формальды жұмыспен қамтуды ынталандыруды көздейді. Аталған бағыттардың заңды базасын қалыптастыру үшін халықаралық тәжірибе жете зерделеніп, өз еліміздің ерекшеліктері ескеріле отырып, Еуроодақтың  Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынған.

IMG-20230505-WA0159

Аталған кодекстің бірінші новелласы – отбасының цифрлық картасы немесе еліміздегі отбасылардың мемлекеттік кепілдіктер бойынша дербестендірілген дерекқоры. Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық  жүйелері негізінде қалыптастырылуда. Оны енгізудегі мақсат – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін  қамтамасыз ету. Сондықтанда кодексте отбасылық карта мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындаушы құрал ретінде белгіленген. Яки, мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыру мүмкіндігін иеленеді.

IMG-20230505-WA0155

Кодекстің екінші  новелласы – атаулы әлеуметтік қолдауды күшейту. Оған сәйкес мемлекеттік қолдау,  әлеуметтік сын-қатердің алдын алатын атаулы шара, одан кейін ғана атаулы әлеуметтік көмек ретінде қарастырылмақ. Бұл ретте атаулы шаралар «Цифрлық карта» негізінде анықталып, отбасының мәртебесіне қарай көрсетіледі.

Кодекстің үшінші новелласы – әлеуметтік қызмет көрсету    жүйесін трансформациялау. Мұндағы мақсат - мүгедектігі бар азаматтардың арнаулы әлеуметтік қызметтерге деген   қолжетімділігін  арттыру. Бұл үшін мүгедектігі бар адамдарға   қызмет көрсету ісіне   олардың отбасы мүшелерін  тарту, арнаулы әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттарын даярлап, жан басына шаққандағы  нормативтерді енгізу сынды өзгерістер қарастырылған.

IMG-20230505-WA0156

Медициналық - әлеуметтік сараптаманы трансформациялауға келсек, Әлеуметтік кодекс шеңберінде мүгедектікті белгілеудің сырттай немесе проактивті форматы заңнамалық түрде бекітілген. Екінші жағдайда адамға басқа инстанцияларға бармай, емханаға жүгіну жеткілікті. Тиісті әлеуметтік төлемдер мен көрсетілетін қызметтерді сараптау, тағайындау Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінен алынған деректер негізінде өтініш берушінің қатысуынсыз автоматты түрде жүргізіледі.

IMG-20230505-WA0154

Кодекстің төртінші новелласы – әлеуметтік  сақтандыру және зейнетақы жүйелеріне қатысты. Қазіргі  сақтандыру жүйесі әлеуметтік тәуекелдің 5 түрінен сақтандырады. Бұл – халықаралық стандарттарға және    нақты экономикалық жағдайларға сай    келетін   жүйе. Сондықтан, оның негізі сақталады. Алайда, оның мақсаты өзгереді.  Жүйе әлеуметтік төлем төлеуге ғана бағытталмай, ең алдымен, азаматтарды формальді жұмыс істеуге ынталандыруды көздейді. Бұл ретте,   ұсынылатын өзгерістердің басты тренді  жүйеге мемлекет, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің  қатысуы.

IMG-20230505-WA0153

Әлеуметтік кодекстің бесінші новелласы – халықты жұмыспен қамту шарасындағы жаңашылдықтарды баяндап, осы бағытта өңірде жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламаларды саралаған БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Исатай Мыңбаев жастар тарапынан түскен ұсыныс-тілектерді де талқылады. Оның бірі - «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысушы мамандықтар қатары артса, ауылға келуге ниетті жас мамандар қатарының өсетіндігі. Екіншісі кәсіп бастауға берілетін 1,4 млн теңге қайтарымсыз гранттың мал, құс алса азығына, тігін машинасына қол жеткізіп, іс бастаса шикізатқа қаражаттың толық мөлшерде жетпейтіндігі айтылды. Гранттың мемлекет тарапынан жұмыссыз азаматтарға көрсетіліп отырған қолдау қаржы екенін ескеруін сұраған Исатай Бекесұлы бұл сауалмен шұғылданатынын жеткізді.

IMG-20230505-WA0152 (1)

Жиыннан кейін облыстық түсіндіру тобы өкілдері аудандық қарттар үйінде болып, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты.

 

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz  

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале