25.09.2019, 17:52
Оқылды: 123

Әлеуметтік көмек масылдық па әлде мал табудың көзі ме?

Азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету мақсатында Елбасының тапсырмасына сәйкес 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі қолданысқа енгізілді. Аз қамтылған отбасыларға төленіп келген атаулы әлеуметтік көмек төлемін есептеуде қолданатын ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 пайыздан 70 пайызға, яғни 14 849 теңгеден 20789 теңгеге дейін арттырылды. Үкімет тарапынан берілетін қаржылай қолдаудың аз қамтылған және көп балалы отбасыларға үлкен демеу болды.

 

Жалғандық жарға жығар

 

Еңбекке қабілетсіз адамға, мүгедекке мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі парыз. Ал он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін адамның тегін көмектен дәметуі – тоғышарлық. Әйтсе де, қазіргі күні көріп отырғанымыздай, көмекті айдалада тегін жатқан батпанқұйрық санайтындардың да табылып жатқандығы қынжылтады. Осы бір көмекті алу үшін кейбір отбасылар небір айла-әрекеттерге барғаны да жасырын емес. Мысалға, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін тұрақты жұмысынан шығу, заңды некелерін бұзу, табысын жасыру, жекесіндегі малын басқа біреудің атына жазу, өзіне туыстық қатынасы жоқ адамдарды тіркеп алу, басқа мекенжайға тіркелу сияқты фактілер орын алуда.

Қазталов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің берген мәліметтеріне сүйенсек, аудан бойынша 1 207 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отырса, соның ішінде 262 отбасыға қайта есептеу жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде тұрғындардың ішінде атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келгендері анықталды. Осылайша мемлекетке 1 млн. теңгеден астам шығын келтіріліп отыр.

78787878

Осындай әлеуметтік қолдауды «аспаннан шұға жауғандай» көріп, Қазталов ауылының бір отбасы өздеріне қатысы жоқ адамдарды тіркесе, ал Жалпақтал ауылдық округінің бір отбасы отағасының басқа мекенжайда тұрақты тіркеуде тұратын бірінші некедегі ұлын атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген өтінішінде отбасы құрамында қосып көрсеткені анықталды.

Көпе-көріңеу жалған мәліметтер ұсынғаны үшін осы отбасыларға тағайындалған атаулы әлеуметтік көмек төлемі тоқтатылып, төленген 1 млн. теңгеден астам қаражатты бюджетке қайтару жұмысы жүргізілуде.

Еңбек етсең ерінбей

Өкінішке қарай, осындай келеңсіз кейбір көрініс қалыптасып отырғанымен оның оң тұстары бар. Айта кетерлік, мемлекетке де, ет жақын ағайын-туысқа да масыл болмай, өз күнін өзі көруге бекем бел буып, тырбанып тіршілік етіп жатқандардың қажыр-қайратына сүйсінесің. Солардың қатарында Бостандық ауылдық округіндегі атаулы әлеуметтік көмек алуға жүгінген отбасының отағасы Қуанышбек Әліпқалиев темір дәнекерлеуші бағыты бойынша өз ісін ашқан.

Аз қамтылған жанұяның отағасы өз отбасын асырау үшін бірнеше жылдар бойы темір дәнекерлеу жұмыстарымен айналысып, ауылдастарынан әр түрлі тапсырыстар алып, нәпақасын тауып жүрді. Бірақ бұл тапқан табысы аздық ететін еді.

-Жұбайым Аңсағаным әзірше жұмыс жасамайды. 1 жасқа дейінгі бала күтімімен декреттік демалыста. Отбасымызда екі баламыз бар. Үлкен  ұлым – 3 жаста, кенжем – 7 айлық. Отбасымды асырау үшін темір дәнекерлеуші болып жұмыс істедім. Бірақ құрал-жабдықтар ескі болғандықтан олармен жұмыс жасау мүмкін болмай қалды. Бірде маған аудандық халықты жұмыспен қамту орталығынан қоңырау шалып, отбасымның әл-ауқатын жақсарту мақсатында үкіметтен атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетінін, құжаттарымды жинау қажеттігін  жеткізді, - дейді  кейіпкер.

Қуанышбек аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, «Бизнес бастау» жобасы арқылы кәсіптік білім алып, сертификатқа ие болды.

 -Осы жылдың сәуір айынан бастап 815 мың 700 теңге атаулы әлеуметтік көмек қаржыны алдым. Өз ісімді, яғни темір дәнекерлеуші ретінде кәсібімді ашуға бел буып, аудандық кірістер басқармасына жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім. Маусым айында бизнес жоспарымды тапсырып, шілде айында 256 мың 500 теңге көлемінде грант иегері атанып, берілген қаражатқа металл дәнекерлеу құрал-жабдықтарын сатып алдым. Қазір болат есік, қақпа тағы басқа бұйымдар жасауға кірісіп кеттім. Жасаған дүниелеріме ауылдастарым дән риза. Болашақта кәсібімді ұлғайтуды мақсат тұтып отырмын, - дейді Қуанышбек.

 Ауданда мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алған отбасылар қаржысына кәсіп бастап, тұрмысын түзеуге көшкен. Солардың бірі бостандық ауылының тұрғыны – Гүлдана Табылдиева. Гүлдана екі баласына үкіметтен алып отырған 1 млн. 111 мың 428 теңге қаржысына 1 құлынды бие, 1 қашар сатып алған. Гүлдана замандасымыздың нәтижелі ісі көпке үлгі.

Міне, бірер мысал арқылы ерінбей еңбек еткеннің аты озатындығын көруге болады. Адал еңбекпен тапқан нан қашан да тәтті.

Қайрат Жақып

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале