Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Біржан Меңешов әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ауданның әлеуметтік сала қызметкерлерін қабылдады.
- Бұл кәсіби мереке тек ресми шара ғана емес, мейірім мен шапағат мейрамына, игі дәстүрге айналды. Бүгінгі таңда ауданның әлеуметтік қорғау саласында 53 адам еңбек етіп келеді. Бұл адамдар әлеуметтік жағдайы төмен, қамқорлыққа зәру тұрғындарды қорғауға алғашқы болып атсалысатын жандар. Сондықтан сіздердің мерекелеріңізге орай арнайы қабылдау ұйымдастырылып отыр, - деген Біржан Нұрланұлы сөз кезегін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғибрат Айтқалиевке берді. Ол өз кезегінде ауданда әлеуметтік сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Бұдан кейін еркін пікір алмасу түрінде өткен шарада еңбек ардагері Римма Халенова, сала қызметкерлері Гүлбаршын Бекетова, Нұрпейіс Елемесов, Ләззат Досболатова, Гүлзада Еслямовалар өз ойларымен бөлісті.
Қабылдау барысында бір топ әлеуметтік сала қызметкерлеріне аудан әкімінің, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының алғысхаттары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді.
А.ЕСІРКЕПОВ,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!