Бөкей ордасы аудандық мәдениет үйінде әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған “Мейрімділік - асыл қасиет” атты мерекелік концерт өтті. Екі аптаға ұласқан жауын-шашынға байланысты кәсіби мереке кешеуілдеп аталып өтілгенін ескерте кетелік.
Аудан басшысы Нұрлыбек Даумов сөз сөйлеп, әлеуметтік қорғау қызметі жүйесінің қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
- Әлеуметтік сала - еліміздегі маңызы ерекше, өте өзекті бағыттардың бірі.
Көпшіліктің көзінен таса, қоғам аса назар аудара бермейтін, дегенмен өзіндік қиындығы бар қызмет түрі осы әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі. Бұл сала қызметкерлеріне жүктелер міндет ауыр. Кішіпейілдікті, мейірімділікті, үлкен сабырды қажет ететін ерекше қызмет. Сіздерді аса қастерлі де қиын, кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! - деді аудан басшысы.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Шыңғыс Абдуллин де атқарылған жұмыстарын баяндап, әріптестерін төл мерекелерімен құттықтады.
-Құрметті әріптестер, сіздерді әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сонымен қатар, бүгінгі шараны ұйымдастыруға атсалысқан аудан басшысы мен орынбасарына, аудандық демалыс орталығының ұжымына алғысымды білдіремін.
Қазіргі таңда ауданымыз бойынша әлеуметтік салада 50-дей қызметкер жұмыстануда. Жалпы жыл басынан әлеуметтік салаға қатысты 17 мемлекеттік қызмет түрі бойынша екі мыңнан астам қызмет көрсетілді. Қызметтің басым бөлігі мүгедектігі бар адамдарға арналған төлемдер, жұмыспен қамту шаралары және аз қамтылған отбасыларына АӘК тағайындау болып табылады.
Құрметті әріптестер, сіздерге ерекше назар мен қамқорлықты қажет ететін адамдардың мәселелері жүктеледі. Қиын да қажетті салада, абыроймен қызмет атқарып жатқандарыңызға ризашылығымды білдіремін, - деді өз сөзінде Шыңғыс Абдуллин.
Салтанатты шарада елеулі еңбек еткен қызметкерлер аудан әкімінің марапатына ие болды.
Шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Еркебұлан Бисенғалиев,
Бөкей ордасы ауданы