24.10.2024, 14:40
Оқылды: 89

«Әлеуметтік сала – менің өмірім» – Бибігүл Балораққызы

«Мейірім жүректен шығады, пейіл тілектен туады» дейді халық даналығы. Әлеуметтік қорғау саласында қызмет ететін жандар еріксіз мейірімді болады.

1729616088299

Себебі, олар қарттар мен мүгедектер, көпбалалы, күн көрісі төмен отбасылармен, жұмыссыздармен, түрлі сырқаты бар жандармен қоян-қолтық араласып, жұмыс жасайды.

Бүгінде Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде 44 адам еңбек етіп жатыр. Әлеуметтік сала мамандары – ізгілік пен адамгершілікті ту еткен еселі еңбек иелері. Қазан айының үшінші жексенбісі – өзге жанның ауыртпашылығын арқалап жүрген  керемет мамандардың кәсіби мерекесі.

Кәсіби мерекеге орай Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы, осы салада 32 жыл табан аудармастан еңбек етіп келетін Бибігүл Балораққызы туралы сөз қозғамақпыз.

Әкесі Балорақпен анасы Ақлима сегіз перзент сүйіпті. Бибігүл егіздің сыңары екен. Сыңары Бейімбет – бүгінде ауданның құрылыс саласына үлес қосып жүрген құрылысшы. Ағасы Серікбай Қабекешев – ауған соғысының ардагері, бүгінде өмірден өткен. Әпкесі Гүлнар медицина саласында еңбек етсе, Гүлайым мен Бақыт әпкелері ветеринария саласының мамандары. Исатай ағасы Орал қаласында, Амантай бауыры Астана қаласында тұрып жатыр.

Бибігүл Қабекешева 1990 жылы Жымпиты орта мектебін бітіріп, бухгалтерлік курста оқыды. Еңбек жолы 1991 жылы аудандық білім бөлімінде бухгалтер-ревизорлық қызметтен басталды.  Сол жылы демалыс орталығының есепшісі болып ауысты.

1992 жылдың мамыр айында Жымпиты аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің үйден әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің бухгалтері болып қызметке келді. Жұмыспен бірге жоғары білім алуды да ұмытпады. М.Өтемісов атындағы университетінде экономика факультетінің қаржы және кредит мамандығын бітірді. Есепші, маман, жетекші маман қызметтік сатыларынан абыроймен өтіп,  бүгінде бас мамандық қызметті атқарып жатыр.

 – 1995 жылы кеңсемізге алғашқы компьютер келді. Бүкіл қағаздың бәрін компьютерге саламыз деп, үш күн үй көрместен жұмыс жасадық. Бірнеше маман бір компьютерге ақпарат, есептерін кезекке тұрып салатынбыз. Зейнетақы берілмей, халыққа қиын күндер туғанын да көрдік. Кейін жәрдемақы алушының СИК, РНН-ін енгіздік. Бірі алғыс айтып кетсе, бірі қарғап кететін түрлі тұрғындармен жұмыс жасадым. Қазір сол қиындықтың бәрі артта қалды. Әлеуметтік саланың жұмысы – менің өмірім. Бүгінде барлық ақпарат компьютерге, бағдарламаларға енгізілген. Бүкіл мәлімет базада. Тек ЖСН нөмірін терсең болды, барлық қажетті ақпарат ағылып жатыр. Жас мамандарға компьютер «кел де жұмыс жаса» деп тұр,- дейді кейіпкеріміз.

Бұрын атаулы әлеуметтік көмекті тағайындарда ұзын-сонар кезекте тұрған тұрғындарды қабылдап, құжаттарын тексеріп алатын, қазір тұрғындар Е-gov сайты арқылы құжатты электронды түрде үйінде отырып тапсырады. Цифрлық даму әлеуметтік салада ерекше байқалады. Бұл бір жағынан қағазбастылықтан арылтса, екінші жағынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға сеп болады екен.

Халыққа төленетін түрлі жәрдемақылардың барлығы Бибігүл Балораққызының құзырында. Және оның айналыспайтын жұмысы жоқ.

Пробацияда есепте тұрғандар, мигранттар, кадр бөлімінің, кәсіподақтың қызметі – бәрі Бибігүл Балораққызының мойнында. Е-otinish, отбасының цифрлық картасы, шаруа қожалықтарымен меморандумдар, жаңа жұмыс орындарын құру, атаулы әлеуметтік көмек, балаларға төленетін жәрдемақы, Семей ядролық сынақ полигонына ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға өтемақы, тұрғын үй көмегі, мүгедектерді санаторийлық еммен қамтамасыз ету, оларға протездік-ортопедиялық, сурдо-тифлотехникалық құралдармен көмек беру – бас маманның міндетіндегі іс.

Бір жанға көмек қаржы тиесілі болса, Бибігүл Балораққызы соған қуанады. «Қағазбастылық азайды, жұмысым біраз жеңілденді» десе де, Бибігүл ханымның қағазға көміліп отырғанынан жұмысының қаншалықты көп екені көзге ұрып тұр.

Бір кабинетте отыратын әріптестерінің айтуынша, Бибігүл Балораққызы еңбек демалысында бір аптадан артық демалып көрмеген және уақытпен санасуға болмайтын жұмысының кесірінен мерекелік концерттерге де бармайды екен.

Кейіпкеріміз спортқа да бейім, баскетбол мен дойбы ойнағанды ұнатады.

Бибігүл Балораққызы ұлы Бибарысты ұяға, қызы Нұржауғанды қияға қондырып, немере-жиен сүйіп отыр.

Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале