Қазір технология мен техниканың дамыған заманы. Адам мүмкіншіліктері күн санап артып келеді. Бір ғаламтор жүйесінің өзі неге тұрады. Бұл адам баласының ең үлкен жетістіктерінің бірі. Ғаламтор кез келген ақпарат қолжетімді болатын, әлемнің кез келген жерімен байланыс орнататын, біліміңді жетілдіретін шексіз мүмкіндіктер иесі. Қазіргі таңда бар тыныс-тіршілігіміз осы ғаламторға байланып қалған. Онсыз өмірді тіпті елестете алмаймыз. Әрине бұл алаңдаушылық туғызады. Бірақ орнымен қолдансаң ол үлкен жетістіктерге жеткізетін пайдалы құрал.
Сурет: pixabay.com
Жер жаһанның жаңалығын әп-сәтте алдыңа тосатын ғаламторға тәуелділіктің ең басты себебі – әлеуметтік желілер. Қазір бәріміз әлеуметтік желіге тәуелдіміз. Әрқайсымыздың қолымызда кірпіштей телефондар, бір сәтке де жанымыздан ажырамайды. Өзіне бағындырып қойған гаджеттің қызығы сол ішіндегі әлеуметтік желідегі өмір. Соған үңіліп отырып бір сәтке күйбең тірлікті ұмытасың. Бұл да бір құмарлық шығар.
Әлеуметтік желіге «танысу, қызығушылықтары немесе офлайн байланыстары ұқсас адамдар арасында әлеуметтік қарым-қатынас орнату, көңіл көтеру және жұмыс істеу үшін пайдаланылатын онлайн платформа» деген анықтама берілген. Әлем, ел жаңалықтары, брендтер мен трендтер, танымал адамдардың өз блогын жүргізуі, білім, ән, би, саяхат, қызықты және пайдалы кеңестер, медитация, мотивация, онлайн сауда-саттық, жалпы айтқанда тіршілікке қатысты барлық нәрсені ғаламтордан, соның ішінде әлеуметтік желілерден таба аласыз. Иә, адамдар арасында бір-бірімен хабар алмасуда мессенджерлердің пайдасы зор. Одан бөлек әлеужелілер әлем жаңалықтарынан хабардар етіп, өз жаңалықтарыңмен бөлісуге, көңіліңді бөліп, сергуге мүмкіндік береді. Соның ішінде елімізде қазіргі таңда танымалдылыққа ие, ең көп қолданушылары бар желілер – Инстаграм, Тик ток. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін аталмыш желілерде парақшалары бар. Бос уақыттары бола қалса, сол қосымшаларға жұмсайды. Оның ішіне бір кірсе шығу қиындау. Ұйқыға жатар алдында осы желіні шолып шығуға кіріп, 1-2 сағатқа байланып қалғаныңды байқамай қаласың. Сонша уақытты алып, өзіне телміртіп қоятындай несі бар екен?
Қазіргі таңда аталмыш екі желідегі контент негізінен әзілдер, субтитрленген бейнелер, ән мен би бейнематериалдары, бекстейдж, пайдалы кеңестер және белгілі бір өмір салтына арналған (тамақ дайындау, саяхаттау, спортпен айналысу) блогтардан тұрады. Әрине бұларды қараған дұрыс, пайдалы. Ішінен қалағаныңды аласың, керегіңді табасың. Алайда осы аталғандардан да асып түсіп, желі қолданушыларының жанарларын жаулаған сапасыз, сауатсыз контент те жетерлік. Ауру адамша бет-ауызын жыбырлату, қисаң-қисаң билеу, лас сөздерді сыпырта айтып беталды сөйлеу, біреудің сүрініп құлағаны, біреудің жылағаны, жалпы қайдағы жоқты жариялайтындар да, оны қарайтындар да толып жатыр. Камераның алдына отырып алып ішімдік ішіп, сандырақтау, ерсі әрекеттер жасау, біреуді мазақ қылу, ғайбаттау, жаман істерге азғыру, бір сөзбен айтқанда әлеуметтік желідегі әумесерлік белең алып тұр. Заң тұрғысынан қарағанда ондай посттар ешқандай талаптарды бұзбайды. Бірақ адамгершілік принциптері мен әдептік нормалардан аттайтыны рас. Оның барлығын тоқтатып, алдын алу тек өзіміздің қолымызда. Көрермені азайса, осындай арзан дүниелер желі бетінен жоғалары сөзсіз.
Салыстырып қарасаң, ешқандай пайдалы ақпарат, қажетті кеңес бермейтін, не тәрбиелік мәні, не терең мағынасы жоқ «құнсыз» жарияланымдардың манағы пайдалы контенттен көрі қаралымдары, лүпілдері мен пікірлері әлдеқайда көп. «Неліктен?» деген сұрақ туындайды. Тик ток әлеуметтік желісінде бірден танымал болу, көрермен жинау оңай. Парақшаңа салған фото немесе видеоң көп ұсынылатын жарияланымдардың қатарына кіріп кетсе бір-ақ күнде жұлдыз болып шыға келесің. Айтып өткеніміздей көп тер төгіп, уақытыңды, қаражатыңды жұмсап дайындағаның «өтпей» қалады да, біреудің әшейін сала салғаны миллиондап қаралым жинайды. Оның бәрі әрине, ақша болады. Әр қаралым мен лүпіл тиыннан құралып кәдімгі табыс көзіне айналады. Сондықтан да адамдар пайда табу мақсатында, не болса соны жариялап жатады. Оларды түсіндік делік, бәрін ақша, танымалдылық үшін жасайды. Мәселенің екінші жағы - оны қарап, қолдайтындарда. Адамдардың арзан күлкіге неге сонша құмар болғандарын былай ақтап көруге тырыстық: бітпейтін күнделікті күйбең тірлік, жұмыс пен үйдің ортасында жүріп, бір шеңберде қалып қою, стресс, депрессияның нәтижесінде әлеуметтік желіден ойландырып, бас қатырмайтын керісінше көңіл сергітетін көріністерді көргісі келеді. Дейтұрғанмен бұның бәрі наданның ісі. Ғаламтордың, соның ішінде әлеуметтік желілердің беретін үлкен мүмкіндіктерін пайдаланудың орнына болмайтын іспен айналысып, алтын уақытты текке кетіру – үлкен қателіктердің бірі.
Желінің бәрін сапасыз контент жаулап алғандықтан қаншама жақсы жаңалықтар, керемет туындылар тасада қалып қойып жатыр. Қайдағы жоқ ырқыл-жырқылды аңдығанша, неге тарихты оқымасқа, неге қазақтың халық әндерін тыңдап, әдебиеті мен мәдениетінің фанаты болмасқа. Одан қалды әлемнің жаңалықтары жетіп жатыр. Тіл үйреніп, ел танып, жер танып, білімді арттыратын контентке құмар болу керек. Уақыттан құнды ресурс жоқ. Сондықтан әр минутын ұтымды пайдаланып, әр адам өзінің дамуына инвестиция жасауы маңызды. Сонда ғана үлкен жетістіктерге жетеді. Бос уақытты босқа өткізбейік!
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы