Халықтың тұрмысын, қоғамның тынысының барометрі – әлеуметтік сала. Бұл саладағы барлық жұмыстар Сырым ауданында да мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде жүргізіліп жатыр.
Бөлім 13 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Мүгедектігі бар тұлғаларға қатысты 8, әлеуметтік салаға қатысты 3, үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге қатысты 2 мемлекеттік қызмет. Негізі атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, биыл 1 наурызда ауданның аз қамтылған 38 отбасына (211 адам) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Осы отбасылардағы 1-6 жас аралығындағы 30 балаға кепілдендірілген пакет қаржысы аударылды. Мұның сыртында отбасының кірісі күнкөріс деңгейінен төмен тұратын отбасыға, онкологиялық аурулары бар адамдарға, пробация есебінде тұрған азаматтарға, бейімдеу орталықтарынан ем алып келген мүгедектігі бар балаларға төленетін бір реттік көмек барлығы 78 адамға төленді. Мұның ішінде үйден оқып жатқан 10 бала оқу-құралдарына жұмсалатын шығынды өтеу қаржысымен қамтылды. Тұрғын үй көмегі 6 отбасына тағайындалды. Жыл ішінде мерекелік даталарға және атаулы күндерге орай берілетін әлеуметтік көмектер белгіленген мерзімдерге төленетін болады.
Мүгедектігі бар тұлғаларды жабдықтармен қамту мақсатында протездік-ортопедиялық құралдармен 13 адам қамтылды, тифло-сурдо және міндетті гигиеналық құралдармен 54 адам, кресло арбамен 10 адам, ымдау тілі маманымен 1 адам қамтылып отыр.Үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап инватакси қызметі өз жұмысын бастады.
Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан «Үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» МКК және «Отбасын қолдау орталығы» МКК құрылды. Үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының негізгі бағыты егде жастағы жалғызбасты қарияларға көмек беру, психоневрологиялық ауруы бар балаларды, 18 жастан жоғары азаматтарды және мүгедектігі бар тұлғаларды бейімдеу болып табылады. Отбасын қолдау орталығының негізгі бағыты – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс жүргізу. Қазіргі уақытта 2 орталық та өз жұмыстарын бастап кетті.
Кенжегүл Исатаева
Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы