Бұйырса, тура бір аптадан кейін аспан асты елінің астанасы Бейжің қаласындағы Ұлттық стадионда ХХIV Қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Дүниенің додасына Қазақстаннан 34 спортшы қатысады. Олардың арасында белгілі шорт-трекші, жерлесіміз, жосалылық Абзал Әжіғалиевтың бар екенін мақтанышпен айта аламыз.
Кешегі аптада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада құрамамен кездесті. Сүйіншіміз сол, Президент мемлекеттік туды біздің батырға, яғни Абзал Әжіғалиевке табыс етті. Бұйырса, Абзал Қытайдағы қысқы Олимпиаданың салтанатты ашылуында көк байрақты көтеріп, Қазақстан құрамасын бастап шығады.
Осының алдында Абзалмен телефон арқылы хабарласып, сапарына сәттілік тіледік. «Ту ұста деп жатса тартынба! Лайығы сен ғой!» - деп бір рухын көтеріп қойғанбыз құрдасымыздың. – Ұсынып жатса, абыроймен ұстап шығамын! – деген ол. Аузымызға Алла салыпты. Төрт күннен Абзал мемлекет басшысынан ту қабылдап жатқан суретін жолдады. Мерейіміз тасып қалды.
Қоржынына шорт-тректен әлем кубогі кезеңдерінің барлық жүлдесін жинаған, 2017 жылғы Универсиада, 2011 жылғы Азия ойындарының медалін де иеленген Абзал 2014 және 2018 жылдардағы Олимпиадаға қатысып, Пхенчханда Қазақстанның туын көтеріп шыққан болатын. Дәл сол құрмет оған екінші мәрте бұйырып отыр.
-Бұл жарысқа 4 жыл дайындалдым. Алла қаласа, 500 және 2000 метр қашықтықтар бойынша сынға түсемін. Бабым жақсы. Сырым еліне сәлем жолдаймын, алғыс білдіремін. 2011 жылы Азия ойындарында қола медаль алдым. Сол кезде туған елдің қолдауын керемет сезіндім. Әрқашан тілекші, жанкүйер жұртқа ризамын. Шын жүректен! – деді ол.
Тағаң таймасын, жүйрік! Алға, Абзал! Алға, Қазақстан!
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz