Мен – мемлекеттік қызметшімін. Осы қызметке 2016 жылы келдім. Бес жыл бойы қызметімде тәжірибе жинақтап, өзіме тапсырылған міндетті адал атқаруға тырысып келемін. Жалпы, мемлекеттік қызмет – ең әуелі үлкен жауапкершілік, біліктілік пен үнемі шыңдалуды талап етеді. Адам жеке тұлға ретінде өзін-өзі тұрақты жетілдіріп, алға ұмтылып отыруы қажет. Бұл ретте, қай салада еңбек етсек те, кейін соңымызда өзіміз ұялмайтындай, үлгі боларлық іс қалдырғанымыз жөн.
Мен қызметте жүріп өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білімді және еңбекқор азаматтармен көп таныстым. Осы кезеңде мемлекеттік қызметші ретінде қалыптасуыма көмек берген әріптестеріме алғысым зор.
«Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деп ұлыларымыз айтқандай, ел мүддесінің үдесінен шығуды алдымызға миссия ретінде қоя алсақ, әркім өзі қызмет етіп жүрген салада үздік, білікті маман болса, елдің де келешегі кемел болмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін ұсынды.
«2021 жылғы 1 шілдеден бастап балдық-факторлық жүйе енгізілуге тиіс. Мұндай жоба мемлекеттік қызметшілердің құлшынысын арттырып, жауапкершілігін нығайта түседі. Бізге жаңа кадрлар, яғни кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар аса қажет. Мемлекеттік қызмет қол жетпейтін жабық кастаға айналмауға тиіс» деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мәселен, Жолдауда айтылған мемлекеттік қызметшілерге жасалатын іріктеу-қысқарту реформалары өте тиімді шешім болды деп ойлаймын. Саны бар, сапасы жоқ қызметшілерден гөрі саны аз болса да, жұмысы сапалы білікті кадрлар қызмет істесе, қоғамның дамуына оң нәтижесін беретініне сенім мол.
Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің міндеттері мен қызметін іске асырушы. Халық біздің қызметімізге қарап, биліктің жұмысын бағалайды. Ендеше, көпшілік алдында кәсібилік, адалдық, ашықтық, сыпайылық және құзыреттілік қабілеттерімізбен танылайық.
Қуатты Қазақстанды бірге құрып, елдің әл-ауқатын жақсарту жолында жемісті жұмыс істеп, ерінбей еңбектенейік. Елге адал қызмет етейік, мемқызметкер!
Айнұр Лұқпанова,
Теректі аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы