Сырым аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері Алғабас ауылында болып, ондағы ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеуі мен ауыз сумен жабдықтаудың құрылысымен танысты.
Алғабас ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеуі 2022 жылдың қыркүйек айында басталды. Құрылысы аяқталуға таяу. Шілде айының ортасында пайдалануға беріледі.
Мердігер – «ГрадСтройСервис». Алғабас мәдениет үйінде орналасқан ауданда алғаш болып ашылған Алғабас модельдік кітапханасының бір бөлмесі мәдениеті үйінің грим, киім ауыстыру бөлмесі ретінде берілетіндіктен, кітапханаға бөлме тапшылық етіп тұр.
Бұл мәселеге қатысты аудандық мәслихат депутаттары шешімін табуға атсалысатындарын айтты. Сонымен қатар мәдениет үйінің балалар жаттығатын залының жағымсыз иісі күрделі жөндеуден кейін де кетпеуі халақы қалаулыларын алаңдатты. Қолқаны қабатын иістің бала денсаулығына зиянды болғандықтан, бұл мәселені де бір жақты ету қажет деген ұйғарымға келді.
Алғабас ауылындағы су құбыры құрылысының жоба құны 761,341 млн теңгені құрайды. Мерзімі тоғыз ай болса, мердігер – «СМУ Шығыс» ЖШС.
Бүгінде жұмыстың 95 пайызы орындалып отыр. 34,8 км су құбырлары, 107 су құдығы, 5 резервуар, 35 өрт гидранты, 5 ұңғыма қазу жұмыстары, 2 су мұнарасы, 2 насостық станция ғимараты 7 насостық станция алаңдарын қоршау аяқталды.
Одан кейін қоғамдық бақылау жүргізушілер Самара-Шымкент тас жолының щұңқырларын жамап-жөндеу жұмыстарын да қарады. Аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева жол жөндеушілерге адамның қауіпсіздігі мен өмірі бірінші орында тұру керек екенін және Алғабас пен Қызылағаш арасында жамамай тастап кеткен 15 шұңқырдың кездескенін айтып, ескерту жасады.
Мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің сапары Бұлан ауылында жалғасты.
Мұнда ескі ғимарат медпунктке бейімделіп, күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.
18-інші сәуірде басталған жұмыс шілде айының ортасында аяқталады деп жоспарлануда.
Бүгінде құрылыс жұмыстары 55 пайызға жүргізілген.
Шатыры ауыстырылып, жабылды, едені құйылып, терезелері жаңадан салынып, су мен жылу кіргізіледі. Ғимараттың ұзақ сақталуы үшін қабырғасына швеллер тартылды.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz