Сырым ауданы, Алғабас ауылдық округінің әкімі Өркен Әменов ауылдастарымен кездесті. Есептік жиынға аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов қатысты.

Сандар мен статистика - округтегі еңбектің тынысы.
Негізгі көрсеткіштерге тоқталған Өркен Сәмиғоллаұлы шаруалармен екеуара әңгімеге көшті. Айтуынша, биыл шөптің шығымы төмен болған. Үміттің бәрін қара жерге артып, қаннен-қаперсіз отыратын уақыт кетті.
- Шаруа құрылымдары екпелі шөп мәдениетіне көшу керек. Біз өз тарапымыздан бұрынғы егістік орындарын екпе шөп егу үшін заңдастырып конкурс арқылы ұсынсақ. Технологиялар тілін үйренбей болмайды, - деді Өркен Әменов.

Маңдай терімен суарған адамға жер-ана жомарт қой. Биыл Аңқаты өзенінің жағасынан 1 га жерге бау-бақша салынып, иесі жақсы өнім алыпты. Округ әкімі осы үрдісті кәсіби түрде жалғастыруға шақырды.
Ауылдың болашағы – оның жастары мен тұрмыс сапасы. Басқосуда тұрғындар көкейдегі сан түрлі мәселелерді ортаға салды. Әрқайсысы – ауылдың дамуы үшін маңызды, кешігіп тұрған, бірақ шешуге болатын міндеттер.
Зейнеткен Жүсіп Ақжановтың айтуынша, Алғабасқа спорт кешені салынса – ауыл өмірінің тынысы артар еді. Бұл пікір ауыл тұрғындарының басым бөлігінің көңіліндегі оймен үндесіп отыр.
Құжаттары дайын ауылдар: Аралтөбе, Қособа, Шағырлай
Аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Артур Искаковтың айтуынша, бұл бағытта бірқатар жобалар әзірленіп жатыр. Қазіргі таңда Аралтөбе, Қособа және Шағырлай ауылдарына спорттық кешен салу үшін үшін жобалық-сметалық құжаттар дайын. Алғабас кезекке қойылмақ.

М. Қаналиев атындағы мектептің директоры Сәлмен Аманов «2028 жылы ауыл мектебіне 100 жыл толады. Соған дейін білім үйі жөнделсе, жаңғырса оң болар еді», – дейді.
Оның айтуынша, білім ошағын тек мерейтой үшін емес, күнделікті сапалы оқу үдерісіне сай болатындай деңгейде жаңартуы керек. Сонымен бірге, мектепке қызметтік көлік берілуі де маңызды.
Жиналыста ауыл келбеті де көп сөз болды. Ауылда иесіз қалған үйлер көп. Бұл – бір жағынан әлеуметтік мәселе болса, екінші жағынан балалардың қауіпсіздігіне қатер. Қаңырап тұрған үйлерге балалар ойнап кіріп кетуі, түрлі жазатайым оқиғаларға себеп болуы мүмкін. Тұрғындар бұл нысандарды есепке алып, реттеу жұмыстарын қолға алуды ұсынады.
Тұрғын Нұрболат Жұмағазиев те бөгет салу, электр желілерін жөндеу, Аңқаты өзенін қоқыс айлағына айналдырмау секілді бірқатар техникалық мәселелерді алға тартты.

Иә, Алғабаста тұтас көшелер мен әлеуметтік нысандардың электр жеткізу міндетін жалғыз трансформатор көтеріп тұр. Қосымша жинақтаушы жабдық салу - қажеттілік. Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов жиыннан кейін Ақжайық электр торабы мекемесінің басшысы Талғат Тапаловқа мәселені кешіктірмей шешу жайын ақылдасты.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы