ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова Алғабас ауылдық округіндегі сапары кезінде жергілікті мәдениет үйінің күрделі жөндеуден кейінгі келбетімен танысты.
Еске сала кетейік, 270 орындық Алғабас ауылының мәдениет үйі былтыр күрделі жөндеуге жабылды. Себебі, сахна тозып, еден сықырлап, ғимараттың көркінен күй кетті. Ең қиыны – жылу жүйесінен жиі ақау шықты. Құны 93 млн 469 мың теңгенің жобасын жүзеге асыруды «ГрадСтройСервис» ЖШС мойынына алған. Алайда, мердігердің де жұмыс үлгерімінен мін табылды. Соның кесірінен, актіні тапсыру – қабылдау жұмыстары бір айға кешікті.
Бүгінгі таңда мәдениет ошағы сәнді, салтанатты кейіпке ие болған. Шатыр, терезе – есіктер алмастырылды, ғимарат жобасы өзгерді. Ауласына өрнектас төселіп, қабырғаның сырты қапталды. Зал жарық, сахна кең. Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімі сахнаға қажетті шымылдық, Led – экран, жарық жабдықтарын да жаңалады.
Нысанды Сенат депутаттарына Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев таныстырды. Мәдениет үйінің ішінде күрес залы мен модульді кітапхана орналасқан.
- Руханият ордасын заманауи талапқа сай жаңғыртамыз. Алғабас ауылындағы кітапхананың төрі covorking орталыққа айналады. Яғни, ауылдағы оқырмандарға, жалпы халыққа кітап шығармашылық ізденіс пен демалыс үшін барлық мүмкіндік ұсынылады. – деді аудан әкімінің орынбасары.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz