11.02.2023, 16:47
Оқылды: 25

Алғабастан - Газиантепке!

Сырым ауданы, Алғабас ауылындағы М. Қаналиев атындағы орта мектебінде "КИНОtime" шарасы өтті. Мектептің физика кабинеті уақытша кинотеатр ретінде жасақталып, оқушылар мен мұғалімдерге "Қазақша бизнес Түркияда" фильмі көрсетілді.

IMG-20230210-WA0106

Ақпан айының 5 жұлдызы күні түнде Түркия және Сирия аймағында жойқын жер сілкінісі орын алып, 16 000-ға жуық адам қаза тапқан еді. Құрбандар саны өсуде. Қирандылар арасында қанша жан жатқаны белгісіз. ҚР Президенті Қасым - Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іздеу-құтқару шараларына жәрдем беру үшін Қазақстаннан құтқарушылар легі аттанып, жұмысқа кірісті. Ал қазақ елі болса Анадолыдағы бауырларға жылу жинауда.
Белгілі продюсер Нұрлан Қоянбаевтың кинотуындысында Стамбулға іскерлік сапармен барған отандық бизнесмендердің бастан кешкен қызықты оқиғалары баяндалып,  түріктердің көрікті қалалары, тарихи ғимараттары, теңіз жағалауы көрсетіледі. Сол сұлулыққа нұқсан келді дегенге көңіл сенбейді.
- Түркия мен Сириядағы зілзала, панасынан, ата-анасынан айырылған балалардың тағдыры біздің оқушыларымызды да қайғыртты. Ақылы кинокөрсетілім жасау туралы ұсыныс айтқан да - солар. Педагогтар, оқушылар бір кезек мектеп жұмысынан тынығып, бірге отырып кино көрді. Бір жағынан қайырымдылық жасады. Шәкірттер фильм көрсетілімінен түскен қаражатты Түркияға көмек ретінде жолдаймыз, - деп шешті дейді тәлімгер Нұрболат Жұмағазиев.
Мектептегі кинозалда кинотеатрдағыдай сусындар, тәтті тағамдар, поп-корндар таратылған. Көрермендер қатарында Алғабас ауылдық округінің әкімі Өркен Әменов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әділ Ахмет болғанын айта кетейік.
Қайырымдылық шарадан түскен 60500 теңге Орал қаласындағы гуманитарлық көмек қабылдау пунктіне тапсырылды.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале