Ақжайық ауданы әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, бірқатар бөлім, мекеме басшылары «Ашық диалог» алаңында ауыл тұрғындармен жүздесті.
Шараға аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев, Батыс Қазақстан облысы әкімінің Ақжайық ауданы бойынша қоғамдық өкілдері Меңзипа Жұматова мен Ғиззат Ихсанов, Алғабас ауылдық округінің әкімі Темірболат Есенғалиев қатысты. Дөңгелек үстелде Қалияр Шадиярұлы Президент Жолдауының орындалуы, халықпен етене-жақын пікір алмасатын кездесулерді көптеп өткізу керегін сөз етті.
–Біз осы күнге дейін халықпен тығыз қарым-қатынас жасаудың түрлі әдістерін қолданып, қайтарымды диалог орнату, әкімдік жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін жұмыстандық. Мысалы, жыл сайын ұйымдастырылатын аудан әкімінің есебі, «Ашық әкімдік» шаралары елді мекендердегі қордаланған бірқатар мәселені, тұрғындардың мұң-мұқтажын уақтылы шешуге көмек болды. Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауындағы тапсырма бұл ісімізді одан әрі жандандырып, мемлекеттік органдарға халықтың жағдайын жеңілдетуге серпін береді деген сенімдеміз. Бүгінде Алғабас ауылдық округінен басталған бұл шара 17 ауылдық округте де жалғасады. «Ашық диалогта» айтылған әрбір мәселе біздің назарымызда болады», - деді аудан әкімі.
Аудан басшысы осында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын, шешуін күтіп жатқан бірқатар мәселелерді атады. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласына қатысты жер мәселесі, суландыру, мал азығы көпшілікті алаңдатып отыр. Бүгінде ауданда 800-ге жуық шаруа қожалығы болса, соның 500-і ғана жалға алған жерлерін тиімді пайдаланып отыр. 100 шаруа қожалық иеленген жердің 20 пайызын ғана игерген. 52 қожалықтың мал басы көбейіп, жер жетпей жатыр.
Мал азығын дайындауға келер болсақ, биыл шөптің түсімі жылдағыдан аз. Сондықтан шөп бағасы шарықтап тұр. Өзі аз шөпті жылқылар отап, шабындықты пайдасыз етіп тастаған кездер де болыпты. Мысалы, соңғы 10 жылда аудандағы жылқы саны 25 мыңға өскен. Осыдан-ақ шабындықтардың жай-күйін аңғара беруге болады. Кеңес дәуіріндегідей емес, бүгінде суармалы алқаптар мүлде азайды. Ол да үлкен мәселе.
Қ.Айтмұхамбетовтың айтуынша, ауданда суармалы жерлерді ұлғайту бойынша алғашқы қадамдар бар. Аудандағы су арналарының жалпы ұзындығы 900 шақырым. Тайпақ-Азнабай су арнасын іске қосу кезек күттірмейтін шаруа. Өйткені, аудандағы мал басының 80 пайызы Жайық өзенінің оң жағалауында болса, 20 пайызы ғана сол жағалауда. Сол жағалауда су болмауының кесірінен қаншама ауыл шаруашылық мақсатындағы жер телімдері бос жатыр.
Сондай-ақ ауыз су, көгілдір отын, жаңа құрылыстар, күрделі жөндеу жұмыстары, денсаулық сақтау, білім салалары туралы, әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік, елдімекендерді интернетпен қамту жұмыстары бойынша аудандағы нақты шараларды атаған аудан басшысы Алғабасқа барар жолдың мәселесін де қозғады. Орал-Атырау тас жолынан округ орталығына дейінгі 37 шақырымдық жолды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Кіреберіс жолдарды жөндеуден өткізу үшін мұндай құжат Ақжол, Жаңабұлақ ауылдық окургтеріне, Жайық елдімекеніне де жасалған.
Осында жиналған тұрғындар да ой-пікірлерін ортаға салды. Округке қарасты Жаңажол елдімекенінен келген Мәншүк Мұсағалиева қыс мезгілінде Алғабаспен, аудан орталығымен қатынау қиын екенін жеткізді. Денсаулығы нашарлаған тұрғындарға, шұғыл шаруаларымен жолға шыққан жандарға қатынастың қиын екенін айтты. Сонымен қатар төрт түлік ішетін судың аздығы, көбіктердің таязданып бара жатқанын еске салды.
Тегісжолдық Құмар Құрмашев мал жаюға округ жайылымдарының тарлық етіп отырғанын, Бәйтерек, Тасқала аудандарымен шектесіп жатқан елді мекеннің жайылымдар аумағын нақтылау керегін айтты. Зейнеткер Қаратай Ешмұханов Қарағай елді мекеніне ауыз судың керегін, ауыл ішін тұрмыстық қатты қалдықтардан тазалау қажеттігін сөз етсе, Болат Жақсымбетов жастар дәстүрлі діннен алшақтамас үшін ауыл мешітіне имам тағайындауын сұрады.
Аудан әкіміне өтініш айтып келген Назгүл Ишанова, Гүлнар Шегреева, 90 жастағы тыл ардагері Сұлу Ишановалар газ мәселесін ортаға салды. Бұл округке көгілдір отын Тасқала ауданынан келеді. Аталған тұрғындардың газ есептегіш құрылғыларын тексеру барысында газды аз пайдаланғаны анықталып, облыс орталығындағы «ҚазтрансГазАймақ» мекемесі газды жасарын ұрлап отыр деген айыппен тұрғындарға 24 мыңнан 98 мың теңгеге дейін айыппұл салған. Олар газды аз пайдалану себебін түсіндіргенде, үйдің бір бөлігін ағаш жағып, пешпен жылытатынын айтқан. Көгілдір отынды үнемдейміз деп айыппұл арқалап қайтқан тұрғындар аудан басшысына осы мәселені шешуге көмектесуін сұрады. Бұл Алғабастағы жылма-жыл қайталанатын өзекті мәселе.
Халықтың мұңына құлақ түрген Қ. Айтмұхамбетов бірқатар мәселені шешу уақыт талап ететінін, қалайда тұйықтан шығар жол табуға болатынын айтты. Тұрғындардың басқа да ұсыныстарын орындау үшін бірқатар мекеме, бөлім басшыларына тапсырма беріп, мәселені толық өз бақылауына алатынын жеткізді.
Меңзипа Жұматова ауыл-елдің күннен-күнге көркейіп, ынтымақ-бірлікпен алға басып келе жатқан алғабастықтардың еселі еңбектеріне ризашылығын білдіріп, жоспардағы істеріне сәттілік тіледі. Зейнеткер Мирас Жұмашев жұртшылықпен тығыз қарым-қатынасқа үндейтін «Ашық диалог» шарасын ұйымдастырып, тұрғындар пікіріне құлақ асқан аудан басшылығына алғысын арнады.
Бекболат Қаленов
Ақжайық ауданы
суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер