2.09.2021, 10:54
Оқылды: 37

Алғашқы қоңырау сыңғырлады

Кеше кең байтақ Отанымыздың барлық өңірлеріндегі білім ұяларында күміс қоңыраудың сыңғыры естілді. Жылдағы дәстүр бойынша таңмен таласа алғашқы қоңырауға дайындық ерекше. Биылғы алғашқы қоңырау карантинге байланысты 1-сынып оқушылары арасында оздырылды. Жаңақала ауданындағы №3 жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің салтанатты жиынында алғашқы боп сөз алғанмектеп директоры Әлихан Досмұхамбетов құттықтау лебізін білдірді.

33

- Әлемдік өркениетте бет алған бүгінгі қазақ елінің болашағы білім мен тәрбие алуды мектеппен тікелей байланыстырамыз. Өткен оқу жылы елімізде болып жатқан пандемияға қарамастан алға қойған міндеттері нақты іске айналып, жетістіктерге толы табысты жыл болды деп есептейміз. Қадірменді ұстаздар, биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған 1-сынып бүлдіршіндерін қуанышты күнімен құттықтаймын. Талабы оң, қадамы құтты болсын!

34

Биылғы оқу жылын біздің мектебіміз 865 оқушы, 121 мұғаліммен бастағалы отыр. Біздің жылдан жылға қатарымыз көбейіп, мектепте балалардың саны көбейіп келеді. Сондай-ақ мектебіміздің жаңалығы – дәстүрлі жаңа оқу жылында биылдан бастап француз және араб тілдерін оқытуды бастағалы отырмыз, - деді ол.

Білім күні оқушылар мен ұстаздар қауымы үшін ғана емес, ата-аналар үшін де қуанышты мереке. 1 «Б» сыныбының жетекшісі Мейрамгүл Ермұқанова мен 1-сынып оқушыларының ата-аналары атынан Сыйлыхан Жұмасалихов бүгінгі білім күні мерекесімен құттықтап, оқушыларға сәтті қадам, таудай талап тіледі. Одан әрі оқушылар тамылжыта ән салып, күмбірлете күй ойнады.

1-сынып оқушылары да жыр жолдарын жатқа айтты.

Мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушыларға сынып жетекшілері Данагүл Мерланова, Ақтоты Ілиясова, Мейрамгүл Серікқызы және Ақниет Қайырғалиев әліппе табыстау рәсімін жасады.

Салтанатты жиын соңында дәстүрге сай алғашқы қоңырау соғылды.

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале