Татулықтың тал бесігі болған Қазақстан - қай ұлтты болмасын жатырқамай, бауырына басты. Бір ананың баласындай тату, жүрегі бір, тілегі ортақ түрлі этнос өкілдері қиын заманда жатсынбаған Қазақстан халқына ризашылығын білдіріп келеді. Мемлекет басшысы бұл күнді халықтардың бір-біріне және қазақтарға көптеген халық елге күштеп қоныстандырылған кезде төзімділік пен қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс білдіретін күн деп жариялауды ұсынды. Содан бері кең көлемде аталып өтетін бұл мереке ұлт пен ұлыстың татулығын одан әрі нығайтып, бірлігіміз бекей түсті.
Ұлттар достығының ұйытқысына айналған Бөрлі ауданында бүгінде 55 мыңнан аса халық тұратын болса, соның 30 пайыздан астамы өзге ұлт өкілдері. Олар Қазақстанды ортақ отаны, құтты мекені деп біледі. Əлбетте бірлік пен ынтымақтастықтың арта түсуіне қазақ халқы елеулі үлес қосып отыр.
Жылдағы дәстүрге сай ең шуақты мейрам Алғыс айту күні Бөрлі ауданында кең көлемде тойланды. Алдымен, аудандық демалу орталығының көркемөнерпаздары Ақсай қаласындағы халық көп шоғырланатын «Ернар», «Жарсуат», «Трнава», «Алтындар», «Бәйтерек», «Эдельвейс» сауда орталықтарына жылжымалы акциямен барып мерекені насихаттады.
Бұл мерекеде ұлтымыздың салт-санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптеледі.
Алғыс айту күні қиын-қыстау замандарда да мейірімділік пен жанашырлық таныта білген әрі бірлігін бекем еткен халқымыздың ізгі қасиеттерін жадымызда жаңғыртады.
Мерекелік жылжымалы акцияда адал еңбегі, жасампаздығы мен отаншылдығы үшін барша халқымызға шынайы ризашылылық білдіріліп, алғыс айтылды. Әсерлі кеш әсем әндермен әрленіп, аудан тұрғындарының жоғары белсенділігімен ерекшеленді.
Ал, аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов Ақсай қаласының тұрғындары Гүлбахша Уриспаева мен Гүлім Баймишованың кеуделеріне "Күміс алқа" тағып, гүл шоқтарын табыстады. Аудан әкімі алты перзентті дүниеге әкеліп, тәлім-тәрбие беріп отырған үлгігі отбасылардың шаңырақтарына құт-береке тіледі.
Одан соң аудан әкімдігінде Алғыс айту күніне арналған мерекелік іс-шара әрмен қарай жалғасты. Аудан әкімі әр салада қызметін адал атқарып, түрлі жетістіктерге жетіп жүрген жандарды өзінің алғысхатымен марапаттады.
Олардың арасында әр түрлі салалар мен кәсіптердің өкілдері - білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, БАҚ, мәдениет, ауыл шаруашылығы, спорт, құқықтық тәртіп органдары, сумен жабдықтауға, электрмен жабдықтауға және қоқысты шығаруға жауапты коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері бар.
Жиында аудан басшысы Еркебұлан Ихсанов әр марапат иесіне туған өлкенің өркендеуіне қосқан үлесіне жеке алғысын білдіріп, ел амандығын тіледі.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz