Алғыс айту күні – жақсылық пен ризашылықтың мерекесі. Осы атаулы күн қарсаңында Тасқала ауданы әкімі Талғат Шакиров Ақтілеу халықтық әжелер ансамблінің ұжымымен кездесіп, олардың өнері мен еңбегіне құрмет көрсетті.
Шараға аудан прокуроры Алмас Унаев пен аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин қатысты.
Кездесу барысында Талғат Асқарұлы аналарымыздың ұлттық өнерді дәріптеуге, соның ішінде жастарға өнеге болуға қосқан үлесін ерекше атап өтіп, алғысын білдірді. Одан әрі Жанар Нұрболатқызы «Ақтілеудің» тарихына тоқталып, осы ансамблді құруға бар күш жігерін жұмсаған марқұм Айсұлу Елжанаованың еңбегіне тоқталды. Өз кезегінде Алмас Маратұлы мен Рауан Бисенғалиұлы да әжелерді айтулы мерекемен құттықтап шынайы ризашылықтарын білдірді. Айта кетейік «Ақтілеу» халықтық әжелер ансамблі жылдар бойы халық әндерін насихаттап, ұлттық мәдениеттің дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан бірден-бір ұжым. Әдемі кездесуде әжелер өздерінің шығармашылық жолдары туралы айтып, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық ақыл-кеңестерін жеткізді.
Сондай-ақ, әсем әндерін орындап, қазақтың бай мәдениетін тағы бір мәрте паш етті. Былтырғы жылдан бастап әжелерге көңіл бөліп, олардың шипайжайға барып тегін демалып қайтуына жағдай жасаған аудан басшысына рахметтерін айтып, ақ тілектерін жолдады.
Кездесу жылы жүздесуге ұласып, үлкендердің ақ батасы берілді.
Осындай игі шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін нығайтуға ықпал етеді.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы