Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялауы халық тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Ызғарлы қыстың көбесін сөккен көктемнің алғашқы күні елімізді мерейлі мерекемен қуантады. Бұл күні қоғамда шынайы сыйластықтың, ізеттіліктің жылы лебі айрықша сезіліп тұрады.
Кеше Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаров үкіметтік емес ұйым жетекшілері мен қоғамдық ұйым өкілдерін бір үстел басына жинап, мерейлі мереке қарсаңында құрмет көрсетті.
– Алғыс айту күні –елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Тағдыр тәлкегімен ата жұртынан жырақтап, кең байтақ қазақ даласын мекендеген сан ұлыстың тұтас буыны осы жерде тамыр жайды. Құшақ жая қарсы алған ағайынның қамқорлығы арқасында ұрпақ өрбітіп, еңбекке араласқан сан ұлттың татулығы тәуелсіз елдің тірегіне айналды. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістігінде әр қазақстандықтың орасан үлесі бар. Отанның берекесі артып, бірлігі нығаюына сеп болған сүбелі еңбек ескерусіз қалмауы шарт. Осы орайда біз аға буынға еселі еңбектері үшін шексіз алғысымызды білдіреміз. Алғыстың ізгіліктен, мейірімнен құрылатынын ескерсек, жақсы сөздің қасиетін терең сезінгеніміз, - деген аудан әкімі Асхат Берлешұлы қоғам өкілдерін өзара алғыс айтудан ажырамауға үндеді.
– Алғыс айту кішінің үлкенге, шәкірттің ұстазға, баланың ата-анаға лебіз білдіруі ғана емес, сонау қиыншылық заманда өздерінің ата қоныстарынан табаны тайып, Қазақстанға көшіп келген ұлт-ұлыстардың қазақтарға қамқорлығы үшін рахмет айтуы, адамгершілігін бағалауы. Мерекенің астары осыны меңзейді. Сондықтан жылы сөз, қайырымды іс, жақсы ой, кіршіксіз сезімімізді ешкімнен ешқашан аямайық. «Рахмет» - деген қасиетті сөзді жие айтып, өзгеден алғыс, ризашылықты естіген сайын жақсылық жасауға асығайық, - деді жиында сөз алған аудандық қоғамдық кеңестің төрайымы Л.Шмарина.
Саналы ғұмырын білім саласына арнап, әрқашан елдің ертеңіне алаңдап жүретін Көшім мектебінің директоры В.Леонтьева сан ұлтты бір шаңырақ астына біріктіріп, берекесін арттырған Елбасының азаматтық тұлғасын ерекше атап өтті.
– Тәуелсіздік таңы атқан сәтте көп ұлтты қоғамды артықшылығымызға балаған, сан ұлыстың баласын бір мақсатқа жұмылдырып, өзара сыйластық орнатқан Ұлт Көшбасшысына шексіз алғыс айтылатын күн. Түрлі тарихи кезеңдерде қазақ даласына бас тіреген менің барлық туыстарым осы жерде тамыр таратты. Қазір қарасақ, Қазақстаннан өзге елде көп ағайынымыз қалмаған да екен, - деген В.Семеновна сыйластық пен түсіністік салтанат құрған қоғамның гүлдене түсуін тіледі.
Басқосуда сөз алған өзге де еңбек ардагерлері жастарды берекелі тірліктің жемісін бірге теріп, елдің жарқын болашағы жолынта табысты еңбектенуге шақырды.
Н.Дүзбатыр,
Зеленов ауданы