Ақжайық ауданына қарасты Алмалы ауылдық дәрігерлік емханасының медбикесі Бибігүл Қуанышалиеваны ауылдастары құрметпен және үлкен ізетпен «медбике» атап кеткелі қашан?! Шындығына келгенде, солай да. Науқастанып қалатын үлкен мен кішінің күн демей, түн демей қасынан табылып, жаны қалмай алғашқы көмегін көрсетіп, уақтылы емін дарытатын да осы ақ желеңді абзал жан. Ағзаның ішкі дерттері дейсіз бе, қан қысымы дейсіз бе, ауруы жанына батқан ауылдастарына көмекке ұмтылатын Бибігүлдің еңбекқорлығы мен ісіне адалдығы былтырғы жылы індет жайлаған жазда анық көрінді дейді жерлестері.
Елді әбігерге салған вирустан ардақты жанның арқасында құлан-таза айығып шыққан Алтынай Меңдешова да ақжарма алғысын ақтарады: «Біз отбасымызбен мейірбан медбикемізге алғыс айтамыз. Ол ауа райының қолайсыздығына, боран мен жауын-шашынға қараған емес, бір мәрте хабарлассақ, алып ұшып, дәрі-дәрмегін сайлап жетіп келеді. «Жедел жәрдем» десе, дегендей-ақ. Ал былтыр коронавирус жұқтырып, жаным қиналғанда, өзінің де ауырып қалатынын ойламастан, дер кезінде келіп, бар ем-домын жасады. Дәрігерлердің қолына аманаттап, тапсырды. Біреулердің «өз жұмысы, міндеті, соншама мадақтайтын несі бар?» деуі әбден мүмкін, бірақ сол міндетті адамгершілік, әрі жан жылуымен ұштастыра білген шипагердің жақсылығын неге айтпасқа? «Ажалсызға дәрігер себеп» дейміз, расында да біздің аман-саулығымызға Бибігүл көп себеп. Еңбегі еленіп аман жүрсін!». Осылай деп алғысын арнаған ауылдасының сөзін өзге алмалылықтар да қолдайды. Ватсапп желісінде ашылған ауылдастардың топтарындағы алғыс жазбалары еңбекке қошеметтің көрінісіндей: «Жарайсың, Бибігүл!», «Ақ халатты абзал жан сендей болсын!», «Сенің ренжіп жүргеніңді көрмеппіз, үнемі жүзіңнен жылылық есіп тұрады». «Біздің медбике мықты» дегенді де көзіміз шалды.
Елдің көңіліне жаққан Бибігүл Қуанышалиева Бөкей ордасы ауданының Құрманғазы ауылында дүниеге келген. 1990 жылы Орал медициналық училишесін бітіріп, Шыңғырлау ауданында еңбек жолын бастайды. Алмалылық азаматпен жанұя құрып, осы ауылға келгеніне де біраз болды. Ауылда қызмет болмай, екі жыл көршілес Тайпақ ауылдық ауруханасына жұмысқа тұрыпты. Ал Алмалыдағы жұмысы фельдшер акушерден басталған екен. Содан бері 13 жыл өтті.
Аты жаман аурудан аман өткен Гүлшат атты ауыл азаматшасы ақжарқын көңілді, мейірбан маман туралы былай дейді: « Мен шілденің шіліңгірінде тұмау тигендей болып, қатты ауырдым. Тынысым тарылды, тоңдым да. Селкілдетіп әкетіп барады. Бас ауырып, балтыр сыздағанда, Бибігүлдің көмегіне жүгінеміз ғой, хабарласа қойғам, араға көп уақыт салмай, жетіп келді. Дереу көлік ұйымдастырып, Тайпақ ауылына жеткізді. Одан аудан орталығынан бір-ақ шықтық. Бибігүл әлі қасымда. Менің орналасқаныма көз жеткізген соң ғана елге қайтты. Осы күні ойлаймын, біз өз аяғымызбен дәрігерге бара қоймаймыз ғой. Бір ғана қоңыраудан кешқұрым жетіп келген осы бір медбике болмаса менің күйім не болар еді? Алғашқы көмекке ауруды жеңуде көп нәрсе байланысты екен, дер кезінде емін алған соң, міне аяққа тұрып кеттім, шүкірмін».
Бұл дүниеде төрт құбыласы түгел жан жоқ, мәңгілік мекеніне ерте аттанған жолдасы Нұрғазы бар кезінде екеуі көтерген отбасы аудандық сан түрлі жанұялық сайыстардың жеңімпаздары болған еді. Шарапатты ісін өз жұмысының бір қыры деп балаған медбике бүгінде немерелерінің алтын әжесі. Мал шаруашылығында еңбек еткен әкесінің таяғын ұстап қалған ұл Асқар қазір өз алдына отау құрып, еңбегін еліне арнап отыр.
Басшылықтан алған алғыс хаттарға үйі толы болса да, халықтың алғысы ерекше мәртебе екені белгілі. «Алғыс алға жетелейді» деген сөз осындай айтылса керек.
Әсет Сағындық,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz