Оның мамандығы мұғалім еді. Алайда өмірін өнермен өрнектегісі келді. Қалай?
Жалпақ жұртқа «Alina Gerc» атымен танымал болған әнші Алина Қыдырниязова 1995 жылы 26 қыркүйекте Теректі ауданына қарасты Шағатай ауылында дүние есігін ашқан. Туған жердегі Ы.Алтынсарин атындағы мектепті 2012 жылы тәмамдады. Сол жылы Оралдағы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжіне оқуға түсіп, 2015 жылы «Информатика және ағылшын тілі пәні мұғалімі» мамандығын алып шықты.
- Колледждің соңғы курсында өнерге ден қоя бастадым. Жерлесім, әнші Райымбек Бақтыгереевпен ән айта жүріп, «DDRECORDS» студиясының негізін қалаушы, белгілі әнші, продюсер Данияр Рахметжановпен таныстым. Олар менің ән айтып дайындалуыма көп көмектесті. Қазір аталмыш студияның әншісімін. Ең алғашқы бейнебаянымыз 2016 жылы жарыққа шықты. Мәселен, «07-аймақ», «Ғалам» сынды композициялық бейнебаяндарымыз болды. Бүгінгі таңда әншілік өнерімді одан әрі шыңдап, басқа да елдерге барып танылу мақсатында жұмыстанып жүрмін, - дейді өнерге ғашық қыз Алина.
Алинаның отбасы - өнерден алыс адамдар. Ол өздігінен үйреніп, күндіз-түні талмай еңбектенген. Өйткені, оның кішкентай кезіннен бастап «әнші болсам» деген арманы өнер әлеміне әкелді.
Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын Алина Абайқызы мереке күні қарсаңында жерлестеріне арнап жылы лебізін білдірді.
- Мәдениет саласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер ауданның әлеуетін арттыруда халықты өрелі өнермен сусындатып, рухани байлықты толықтыруға және игі дәстүрлерді жалғастыруда аянбай еңбектеніп келесіздер. Ауданымыздың өнері мен мәдениетіне сүбелі үлес қосып, осы саланың мерейін көтеріп жүрген сіздерге айтар алғысымыз көп. Киелі өнер жолында Теректі өңірін елге танытып, биік тұғырдан көрсетіп жүрген баршаңызға зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, еңбектеріңізге шабыт, жаңа шығармашылық ізденістер тілеймін, - деп ақ тілегін ақтарды.
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz