Ауа райы құбылмалы болып тұрғанына қарамастан Шыңғырлау ауданындағы шаруа қожалықтары далалық жұмыстарды тоқтатқан емес. Жуырда аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Р.Еслямов ауданымыздың бірқатар ауылдық округтерін аралап, көктемгі егістік жұмыстарының барысымен танысты.
Алдымен Қарағаш ауылдық округіне қарасты «Жасұлан» ШҚ-нің егістік алқабында болып, қожалық басшысының міндетін атқарып жүрген Ж.Әлімбаевпен кездесті. Оның айтуынша, қазіргі танда 30 гектар жаздық бидай егілген, тағы да 20-30 гектар мақсары егуді жоспарлауда. Мұнан әрі ат басын Ақшат ауылдық округіне бұрып, «Жігер» ШҚ-ның егістік алқабындағы жұмыс барысымен де танысты. Шаруа қожалығы көктемнің ерте түсетінін ескеріп, 103 гектарға арпа, 110 гектарға мақсары егіп бітірген, 30 гектарға құмай егуді бастаған. Жұмыстың бірізбен тиянақты жүргізілуі алдағы күндерге деген сенімді бекіте түскендей. Ақбұлақ ауылдық округіндегі «ErQanat Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де дала алқабындағы жұмысты ширата түсуде. Биыл 200 гектарға арпа мен еркекшөп (житняк) егілді, қазіргі уақытта жер жыртылып дайындалуда, сонымен қатар егілген алқаптарға мал кірмеу үшін өндіріске жаңа технологияларды енгізіп, «электр бақташы» қоршауын да жасап жатырмыз,- дейді жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі.
Иә, ертеңгі күннің қамын бүгіннен бекітіп, тынымсыз тірлік жасап жатқан шаруа адамының еңбегі еселеп қайтса, қанеки!
Нұрлан Садықов,
Шыңғырлау аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы, сектор жетекшісі